ХХІ ғасырдың ортасында Қытай ең дамыған қуатты елге айналады. Бұл туралы бүгін «Қытай коммунистік» партиясының 19 съезінде партия Төрағасы Си Цзиньпин мәлімдеді. Партияның құрылтайы бес жылда бір рет өтеді. Әрбір съезде алдағы бес жылдың даму жоспары айқындалады. Бірақ, соңғы жылдары «Қытай арманы» деген термин жиі айтылып жүр және осы мақсатта нақты жұмыстар атқарылуда. Ең әуелі қытай халқын кедейшіліктен құтқару. Алдағы үш-төрт жылда бұл жоспар орындалады. Соңғы 4-5 жылдың өзінде 70 миллионға жуық халық төменгі таптан орта тапқа көтерілген.
Қытай - әлі күнге дейін коммунистік жүйенің қызығын көріп отырған ел. Әсіресе, үлкендерімізге жақсы таныс мына белгі, айқасып тұрған орақ пен балға Қытайдың төрінде жарқырап тұр. Осы жүйенің арқасында қатаң тәртіп орнады, ел есін жинады күшін біріктірді. Қазір азуы алты қарыс әлемдік державаға айналып отыр. Соның өзінде алға қойған мақсат жоспарлары орасан. Соның бәріне осы коммунистік жүйемен жетуге бекінген.
Си Цзиньпин, ҚХР төрағасы:
- Партияның қауіпсіздігі мен дамуы біз үшін маңызды. Ал, ұлт бірлігімен социалистік жүйені бұзуға ниеттенген сепаратистерге жол бермейміз.
Партия Төрағасы 19 съезде тік тұрып үш жарым сағат бойы баяндамасын оқыды. Бұл елде тәртіп қатаң. Съезге қатысқан 2300 делегат қалғып кетпей, көз ілмей тыңдап шықты. Ал, үлкен мемлекеттің арманы да үлкен. Съезде мемлекет басшысы Си Цзиньпин 2050 жылы Қытай ең бақуатты елге айналады деген жоспарын жариялады.
Си Цзиньпин, ҚХР төрағасы:
- Бірінші кезеңде 2020-2035 жылдар аралығында қоғамдық ортаны даму үдерісіне дайындап үлгереміз. Одан әрі 15 жыл ішінде 21-ғасырдың ортасына дейін Қытай – бақуатты, күшті, үйлесімді, демократиясы дамыған өркениетті социалистік мемлекет болады.
Айтылған тағы бір маңызды мәселелер ақпараттық технология дамыған уақытта елдің кибер қауіпсіздігін жетілдіру, ұлт бірлігін күшейту және бір тұтас қытай әлемін құру. Айналасында, халқы қытай болса да ұстанған жүйесі бөлек елдер бар. Соның барлығын бір тудың астына ұйыстыру. Мәселен, Тайвань. Съезде айтылған ақпараттың барлығы сол сәтте халыққа жетіп жатты. Тіпті, метро, қонақ үй, мейрамханаларда тікелей көрсетілді. Осы сәтте қытайлық әріптестеріміздің де «Партия айтты, біз іске кірістік» деп, жұмыстары қыза түскен.
Лянь Вэйлян, Халықтық саяси басылымның тілшісі:
- Төрағаның тапсырмасы бойынша, елдің экономикалық дамуы, саяси тұрақтылығы үшін нақты жұмыстарға көшеміз. Біздің басты міндетіміз – осының барлығын халыққа жеткізу.
Ғабит Ұзақбай, тілші:
Ханзу елінің бүгінгі жағдайына қарап алып Қытай адымдай бастады деуге болар. Коммунистік жүйе Кеңес одағын тарқатып тынды. Ал, Қытайға бұл жүйе үлкен серпіліс берді. Өйткені, жалған есеп, жалаң ұран және асыра сілтеушілікке барған жоқ. Оның үстіне әр съез сайын партияның саяси әкімшілік жағдайын жетілдіріп келеді. Бүгін басталған 19 съездің жұмысы бір аптаға созылады. Онда партияның орталық комитеті құрамын біршама өзгерту жоспары бар.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ