Ескі көліктерін өткізіп, жаңа автомобильге жеңілдік алғандар саны 3 мыңға жуықтады. Қазір олардың 1 мыңнан астамы отандық өндірушілерден жаңа көлік сатып алған. Естеріңізге сала кетейік, утилизациялау бағдарламасы аясында биыл маусым айынан бастап ескі көліктерге 315 мың теңгеден жоғары жеңілдік сертификаты берілуде.
Ескіден есі кетіп, жаңа көлікті көптен жоспарлаған Серік Серкебаев жуырда ғана мына тұлпардың тізгініне отырды. Жүрісі жеңіл, жолға ыңғайлы. Ең бастысы көңілінен шығады. Тиын-тебенін тірнектеп жинаған қарапайым құрылысшыға 300 мың теңгенің жеңілдігі үлкен демеу болды.
Серік Серкебаев, қала тұрғыны:
- Ескі машинамды айырбастап, жаңа машинаны алдым. Өзіме ұнайды. Ауылға ыңғайлы. Өте қуаныштымын.
Бағдарламаға қатысу үшін талап бұрынғыдай. Жеке куәлік, есепшот және жол полиция басқармасының анықтама қағазы қажет. Егер ақшалай десеңіз, жеңіл көліктің саймандарына байланысты 48000 немесе 150000 теңге өтемақы беріледі. Ал, жеңілдікті таңдасаңыз автосалоннан жап-жаңа көлік сатып алуға немесе несие арқылы рәсімдеуге мүмкіндік бар. Айтпақшы, бұл сертификат 12 айға жарамды.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Мемлекеттік бағдарлама аясында жүк көліктерін өткізуге болады. Бұлардың құны санатына қарай 450-650 мың теңге деп бағаланған. Бірақ, ол үшін қолма-қол ақша берілмейді. Тек, жеңілдік сертификаты қарастырылған.
Жеңілдік сертификатына ие болған көліктер тізіміне келер болсақ, жеңіл көлік саны – 2665, жолаушылар көлігі – 46, жүк көлігі – 56, жалпы бағдарлама аясында – утилизациялауға 34631 автокөлік өткізілген.
Ал, қабылданған ескі көліктер Қарағанды қаласындағы зауытта өңделеді. Қазір мұндағы 10 мыңнан астам машина ұсақ темірге айналған. Олар еліміздегі темір қорыту зауыттарына жіберілуде. Биыл көліктің өзге де бөлшектерін өңдеуге арналған тағы бір зауыт ашылады.
Азымжан Оспанов, зауыттың басқарушы директоры:
- Зауыттың екінші кезеңі бойынша қажетті құрылғылардың барлығы сатып алынды. Қазір еріту пештерін орнату жұмыстары жүріп жатыр. Биыл желтоқсан айында іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз.
Еліміздегі 17 аумақта ескі көліктерге арналған бекеттер жұмыс істеп тұр. Дегенмен, кезекке қоя алмай жүрген тұрғындар да баршылық. Мамандар мұны, көліктің көптігімен түсіндіріп, мәселені оңтайлы шешудің жолын ұсынды. Келер айдан бастап көліктерді ауыл-ауылға барып қабылдайтын мобильді бекет іске қосылады.
Жомарт Рақымжан, «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» ЖШС өкілі:
- Ең бірінші Шахтинск қаласы, содан кейін Теміртау, Щучинск, Екібастұз, Балқаш сондай-ақ, Алматы облысындағы Жаркент пен Шелек қаласына барып, ескі көліктерді жергілікті жерден қабылдаймыз. Қазіргі таңда жергілікті әкімдіктермен келіссөздер жүріп жатыр.
Жеңілдік сертификатын беруге мемлекеттен 23000 квота қарастырылған. Демек, Серік Серкебаев сияқты сіздің де жүруге жарамсыз, сатуға қолайсыз көлігіңізді айырбастауға әлі де мүмкіндік бар.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ