Бензин бағасы арзандауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бензин бағасы арзандауы мүмкін

17.10.2017

Бензин бағасы бір айдан соң арзандауы мүмкін. Себебі, жақын арада отандық мұнай өңдеу зауыттары толық іске қосылып, Ресейден тасымалданатын жанар-жағармай көлемі азаяды. Бүгін Үкімет отырысының күн тәртібінде бірінші болып бензин мәселесі қаралды. Үкімет басшысы жанар-жағармай жайы Президенттің бақылауында екенін ескертіп, алдағы Үкімет отырыстарының күн тәртібінен бұл мәселенің түспейтінін айтты.

Ресеймен шекаралас - Павлодар облысы. Бензинді халық Омбы мұнай зауытынан тасып тұтынуда. Өңірде өткен аптадағыдай жанар-жағармай тапшылығы жоқ. Бензин бар, бірақ баға қымбат.

 Виталий Чашкин, «Газпромнефть» АҚ Қазақстандағы өкілі:

 - Біздің жанар-жағармай бекеттерімізде баға литріне  142 теңге болған, қазір 159 теңге, Яғни, 15-17 теңгеге қымбаттады. Павлодар қаласында біздің 72 бекетіміз бар. Барлығында бензин бар, бірақ баға осындай.

Министр бағаның қымбаттауын импорт көлемінің өсуімен түсіндірді. Тек өткен аптада Ресейден 50 мың тонна бензин жеткізілген. Осы айдың соңына дейін тағы осыншама бензин сатып аламыз. Жағдай келесі айда реттелмек. Себебі, он күннен кейін Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты, одан кейін қалған екі зауыт та толық іске қосылады. Министр сол кезде баға арзандауы мүмкін деген мәлімдеме жасады.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі: 

 - Өйткені, қараша айында қазақстандық бензиннің үлесі көбейеді. Сонда оның бағасы төмендеу Ресейге қарағанда. Болжам бойынша қараша айында екінші жартыжылдықта баға төмендеуі мүмкін.

Дулат Абибуллаев, тілші:

 - Қазір елімізде 13 күнге жететін бензин қоры бар. Үш зауыт іске қосылғаннан кейін тәулігіне 2,5 мың тонна бензин өндірілмек. Бұл ішкі нарықты толық жаппаса да импорт көлемін  айтарлықтай азайтпақ.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу