Ауыл шаруашылығының әлеуетін еселеу керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл шаруашылығының әлеуетін еселеу керек

12.02.2014
Ауыл шаруашылығының әлеуетін еселеу керек
 
Еліміздің 6 облысында ауыл тұрғындарының тең жартысында мал жоқ. Төрт түлікті былай қойғанда, ешбірі тауық, үйрек-қаз сынды үй құстарын да бақпайды.
 
Жағымсыз жайт қазіргі қазақ ауыл шаруашылығының қандай деңгейде екенін көрсетсе керек. Бүгін аталған министрлікте өткен алқалы жиында Қазақстан Фермерлер одағының басшысы Әуезхан Даринов осылай деп дабыл қақты.
 
Бас фермердің пайымдауынша, мұндай жағдай жалғаса берсе, қора-қора малымен мақтанатын қазақ ет-сүт өнімдерін де сырттан сатып алуға мәжбүр болады.
 
Сол себепті отандық ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру қажет. Және күрмеулі мәселе кезек күттірмеуі керек. Ол үшін мемлекеттік субсидия көлемін еселеген жөн.
 
Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімдеріне бөлінетін субсидияның жалпы үлесі Жапонияда  - 70, АҚШ-та - 50 пайыз. Ал Кедендік одаққа мүше Беларусь елінде мемлекеттен 18, Ресейде 10 пайыз қаржылай көмек беріледі.
 
Бізде бұл көрсеткіш бар жоғы 4-ақ пайыз, саладағы техника да әбден көнерген. Жыл сайын жаңаланғанымен, жыртыққа жамау болмай тұр.
Айта өтейік, сала мамандары «Доллар бағамының өсуі ет-сүт өнімдерінің құнына әсер етпейді», деп сендіріп отыр.       
 
Иван Сауэр, ҚР Ет-сүт одағы басқармасының төрағасы:
Ет-сүт өнімдеріне баға өспейді. Тұрғындардың алаңдамауына болады. Барлық тауар бұрынғы құнымен сатылады. Күні кеше ғана бағаны өсірмеу туралы жергілікті әкімдіктер тарапынан да ескертілді. Ауылшаруашылығы өнімдері бұрынғы бағамен нарыққа шығады.
 
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу