2023 жылы Қазақстан жаңа ғарыштық аппаратты көкке ұшырмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2023 жылы Қазақстан жаңа ғарыштық аппаратты көкке ұшырмақ

13.10.2017

Қазір елімізді телекоммуникациялық байланыспен қамтып отырған «ҚазСат-2» жер серігінің жұмыс істеу мерзімі сол жылы аяқталады екен. Өткен тәжірибеден сабақ алған отандық ғарыш саласының мамандары бұл жолғы жоба қаржылық жағынан тиімді, техникалық тұрғыдан ұтымды болатынын айтып отыр.

Ақкөлдегі ғарыштық аппараттарды басқару орталығында жұмыс қауырт. Мониторда қаптаған сандарды саралап, күрделі тапсырмаларды уақытылы және сапалы орындау -  жас мамандар алдында тұрған басты міндет.    

 Елдос Сапарғали, тілші:

 - Бұл отандық жерсеріктерден келіп түсетін ақпараттарды қабылдап өңдейтін орталық. Ғарыштан келетін сигналдың сапасы төмен болса ол барлық жүйеге кері әсерін тигізеді. Сондықтан осы жердегі мамандар тәулік бойы келетін ақпараттарды саралап, зерттеп отырады

 «ҚазСат» жер серігінің әр қозғалысы - бұл инженерлердің жіті назарында. Күніне спутниктік жүйеден сегіз мыңға жуық ақпарат келеді. 2011 жылдан бері тынымсыз жұмыс істеп тұрған отандық ғарыш аппаратында айтарлықтай ақау жоқ.

 Асылжан Мусин, жетекші инженер:

 - Екі ғарыштық аппараттың информациясын қабылдап мониторинг жүргіземіз. Ешқандай аса қатты қиыншылықтар, ақауларды «ҚазСат-2» «ҚазСат-3» ғарыштық аппараттары  қатты көрсеткен жоқ. 

2011 жылға дейін шетелдік спутниктердің қызметі үшін 45-50 миллион доллар төленіп келген. Алайда, қазір ол тәуелділіктен құтылып қана қоймай, жоба өзінің алғашқы кірісін де әкеле бастаған. 

Бауыржан Құдабаев «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ вице-президенті:

 - Біздің мына ғарыш орталығын іске қосқаннан кейін «ҚазСат-1», «ҚазСат-2» және «ҚазСат-3» ғарыш аппараттары ұшырылғаннан кейін қазір 29 миллиард импортозамещение өзіміздің елімізде қалып отыр.

2023 жылы «ҚазСат-2» ғарыш аппаратының жұмыс істеу мерзімі аяқталады. Сондықтан қазірдің өзінде жаңа спутниктік жүйенің құрастыру жобасы әзірлеген. Жоспар бойынша 2019 жылы конструкциялық жұмыстар басталуы тиіс. Сол арқылы елімізде телекоммуникациялық қызмет сапасын арттыру көзделіп отыр.    

Жаңа жерсеріктің құрылысы 60 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Алайда, ғарыш саласындағы отандық өнімдерді пайдалану арқылы бұл құнды төмендетуге мүмкіндік бар, - дейді мамандар.

Елдос САПАРҒАЛИ

                                                          

Хабарламаларға жазылу