Алматы облысында көпбалалы отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында көпбалалы отбасы баспаналы болды

13.10.2017

Алматы облысының Талғар ауданындағы Жалғамыс ауылында бес балалы отбасы баспаналы болды. Оларға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы «Зекет» қайырымдылық қорының есебінен салынған 5 бөлмелі үйдің кілтін табыстады.

Бүгін Тұрмахан мен Айсараның өмірінде айрықша күн. Себебі, тұрмыс тауқыметін тартқан отбасы қайырымды жандардың себепкерлігімен асқақ армандарына қол жеткізді. Өйткені, олар тоғыз жыл бойы тозығы жеткен ескі лашықта тұрып келген. Отағасы соңғы төрт жылдан бері жүруден де, сөйлеуден де қалған. Амалы таусылған Айсара былтыр ауыл мешітінің имамынан көмек сұраған еді.

Айсара Қыдырниязова, Жалғамыс ауылының тұрғыны:

 - Жаңа үй күшті. Қуанышымызда шек жоқ. Барлықтарына мыңда бір алғыс. Көмектескен адамдардың бәріне мыңда бір рахмет.

Үй - бес бөлмелі. Жарық, су көздері толық тартылған. Әзірге ауылға көгілдір отын келмегендіктен, қайырымды азаматтар көмір де түсіріп беріпті.

Ержан қажы Малғажұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:

 - Суыққа қалып қалмай, ертерек осы үйді бітірсек деп ниет қылып едік. Құдайға шүкір бітіріп, бүгін мына жанұяда үлкен бір қуаныш болып жатыр және де осы кәсіпкер азаматтарға ой салсын, ғибрат болсын деген ниетіміз бар еді.

Жаңа үйге кіргендеріне бәрінен бұрын бүлдіршіндер мәз-мейрам. Бірден бөлмелердің ішінде асыр салып ойнап кетті. Ата-анасының ендігі үміті де, қолқанаттары да осы балалар. Өйткені, олар ұрпағы аман болса, шаңырақтың оты өшпейтініне сенеді.

Амангелді СЕЙІТХАН              

Хабарламаларға жазылу