Туа бітті сал ауруына шалдыққан Сергей Елисеев Қазақстанның «100 жаңа есім» жобасына үміткер болып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Туа бітті сал ауруына шалдыққан Сергей Елисеев Қазақстанның «100 жаңа есім» жобасына үміткер болып отыр

12.10.2017

Иегімен сурет салудың хас шебері - талай тамаша туындының төл иесі. Матаға бояу салып, туған жерінің табиғатын айнымастай етіп өрнектеп шығарады. 

Мүгедектер арбасына таңылған Сергейдің сүйікті ісімен шұғылдануына ынта-жігер жеткілікті. Аяқ-қолдары икемге келмегендіктен шығармашылыққа жаны құмар шебер иекке тағатын құрылғы ойлап тапқан. Соның көмегімен 20 жылдан бері қиялына ерік беріп, керемет туындыларды салып келеді. 

Сергей Елисеев, суретші:

- Интернетте суреттерді көп көремін. Әсіресе, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік желіге туған жеріміздің табиғатын түсірген суреттері шабыттандырады. Соларға қарап, тақырып тауып, сурет саламын.

Қазір суретші өңірге мәшһүр Михайлов көлдерін өрнектеумен айналысуда. Бір ғана суретті мата бетіне түсіру үшін кемінде 2 апта уақыт кетеді, дейді ол. Әсіресе, шығыстың тұмса табиғаты шеберге ерекше шабыт беретін көрінеді.

Маргарита Елисеева, анасы:

 - Сурет салу арқылы өмірге деген құлшынысы артады. Бұл оны шабыттандырады әрі  ісінен ләззат алады. Бұл ермегінсіз оған қиын болар еді. Ал мен, мүмкіндігінше оған демеу болуға тырысамын. 

Сергей Елисеевтің қылқаламынан туған туындылары аймақта ғана емес, Қазақстанның өзге де қалаларында танымал. Осы уақытқа дейін шебер өнерді бағалай білетін демеушілердің көмегімен 4  жеке көрмесін өткізді. 

Вячеслав Скрынников,  демеуші:

 - Сергей әрине, бірегей суретші. Өйткені, мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан, осындай теңдессіз суреттерді салады. Бұл талай азаматқа үлгі болары хақ. Еш уақытта мойымай, өмір сүруге болатынын дәлелдеп отыр.

Қайтпас қайсар мінезінің арқасында танылып, «100 жаңа есім» жобасына үміткер болып отырған Сергей Елисеев  - талай жанға жігер беріп, үзілген үміттерді жалғайтынына күмән жоқ. 

Зарина ҰЛЫҚБЕК

Хабарламаларға жазылу