Шымкент мәдени астана мәртебесіне ие болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент мәдени астана мәртебесіне ие болды

11.10.2017

Шымкент қаласы Тәуелсіз елдер достастығының мәдени астанасы болып бекер таңдалған жоқ. Миллионға жуық халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы - мәдениет пен руханияттың, елдегі ынтымақ пен бірліктің ордасы. Ал, 2020 жылы ірі мегополистің мұндай ерекше мәртебеге ие болуы шаһардың әрі қарайғы дамуына серпін берері сөзсіз. 

Шымкент бүгінде халқының көптігі, аумағының үлкендігімен ғана ерекшеленбейді. Тәуелсіздік жылдарында қайта түлеген шаһар мәдениет пен руханияттың да ордасы. Қазақ, орыс драма театрларын қоспағанда кейінгі жылдары опера және балет, әзіл-сықақ пен сатира театрлары шымылдығын түрді. Алматы, Астана мен Қарағандыдан кейінгі цирк ғимараты бар еліміздегі төртінші қалаға айналды. Сондай-ақ, экономикалық әлеуеті еселене түсті. Қала жұртшылығы Шым-шаһардың ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болуына осындай қарқынды дамуы негіз болды деп есептейді. 

Мархабат Байғұт, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

- Шымкентіміз - ұлтымыздың ұйытқысы. Оңтүстігіміздің мәдени астанасы болуға лайық. Оған біздің Шымкенттің шуағы да, шұғыласы да, шырайы да, шамасы да жетеді. Мәдени астана болуы туралы жаңалық жүрегімізді қуантты. Жасампаздықтың белестеріне шығамыз деген ойдамыз.

Шымкенттің еліміздегі ірі мегаполистер қатарына енуіне байланысты 2012 жылы қаланың бас жоспары бекітілді. Шаһар аумағы 77 мың гектарға ұлғайды. Жаңа әкімшілік іскерлік орталық бой көтерді. Шымкент шаһары енді бірер жылда ірі сауда-логистикалық орталыққа айналуымен қатар, айрықша сәулеттік келбетке да ие болмақ.

Нұрлан Арқабаев, Шымкент қаласы әкімдігі Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

- Колористика дейді. Сонымен қатар, қазақы элементтеріміз де бар. Қазақы оюлармен өрнектеу. Сонымен қатар, шығыс үлгісіндегі арка секілді элементтерді қолдану арқылы қалаға өзіндік стиль беру мәселесі бойынша да жұмыстар жүріп жатыр.

2020 жылға қарай облыс орталығы жасыл оазиске айналғалы отыр. Биылдың өзінде қала аумағында 5 бірдей саябақ салынады. Шаһардың жасыл белдеуіне негізінен арша, мәжнүн тал, емен, шаған, қарағай және калифорниялық терек егілді. Осылайша, Шымкент бүгінде атына сай желегі жайқалған жасыл қалаға айналып келеді. 

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу