Бұл туралы «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ басқарма төрағасы Дәурен Оңаев хабарлады. Оның айтуынша, құрылыс жүргізушіге кепілдік жарнасын есептеу әдісіне сай, кем дегенде 100 ұпайдан 60-сын жинауы қажет. Осылайша, үлестік құрылыс бойынша нормативтік-құқықтық базаны өзгерту арқылы қор кепілдігін алатын нысандардың саны ұлғая түспек. Айта кетейік, жыл басынан 40-қа жуық құрылыс компаниясы 50-ден астам тұрғын үй жобасын ұсынған. Бірақ, олардың басым бөлігі кепілдік жарна мөлшерлемесінің жоғары болуына байланысты қажетті құжаттарды жинай алмаған. Ал, жыл соңына дейін 10-ға жуық нысан Қор кепілдігін алады деп жоспарланып отыр.
Дәурен Оңаев, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ басқармасының төрағасы:
- Жыл ішінде кепілдік беру қоры 2 қаладағы салынып жатқан үйлер бойынша кепілдік берді. Бұл Астана қаласындағы «Миллениум парк» тұрғын үй кешенінің 1 секциясы және Алматы қаласындағы «Легенда» тұрғын үй кешенінің 1-ші кезеңі. Осылайша, қор кепілдігі осы тұрғын үйлерден үлес сатып алуға ниет білдірген азаматтарға қандай жағдай болмаса да, пәтерлерінің кілтін алуды қамтамасыз етеді.
Елдос САПАРҒАЛИ