Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының диқандары көршілес Ресей мен еліміздің өзге де аймақтарына жоғары сұрыпты жеміс түрлерін саудалап жатыр. Оның жартысына жуығы жүзім. Қазір аймақта жиын-терім науқаны аяқталуға жақын. Диқандар биыл 18 мың тоннадай жүзім теріп алған. Елімізде өндірілген жемістер ешбір қоспасыз, табиғи жағдайда піскендіктен тұтынушылар тарапынан сұраныс көп.
25 гектар алқапта «Тайфи» деп аталатын жүзімнің асханалық сорты жайқалып тұр. Күтімі келіскен ағаштардағы жеміс көздің жауын алады. Ал, дәмі тіл үйіреді. Бұл биылғы шілденің тым ыстық болғанының арқасы. Қазір 30 шақты адам өнімді жиып алуға барын салып жатыр. Өйткені, дер кезінде үзілмесе жеміс дәмін жоғалтады.
Сейітжан Жиенбайұлы, жұмысшы:
- Ауа райы биыл әдемі болды. Соған байланысты жүзімнің өнімі де жақсы. Бір шағының өзі 2-3 келіге дейін өнім беріп жатыр. 20 күндей болды бастағанымызға. Күніне 200-250 келі теріп жатырмыз.
Шаруашылық қазір жүзімдіктің әр гектарынан 12-13 тоннадан өнім жинауда. Өнімділіктің көп болуының тағы бір себебі, ауыл шаруашылығында озық технология қолданылды. Егістік тұтастай тамшылатып суарылады.
Жиенбай Шыңғысов, шаруа қожалығының басшысы:
- Біз мөлшерден көп химикат бермейміз. Жүзімді қуаттандыру үшін шамалы азот беріледі. Берілген азот бірден жүзімнің түбіне түседі. Содан жүзім тез бақуаттанады.
Сарыағаш ауданында бүгінде 2 мың гектарға жуық жүзім алқабы бар. Асханалық сорттар негізінен өзге аймақтарға сатуға жіберіледі. Ал, техникалық сұрыптан шарап әзірленеді. Аймақта қазір жүзімді өңдейтін екі зауыт жұмыс істеп тұр.
Ергеш Әбішев, Сарыағаш ауданы Ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
- Өзімізде техникалық сорттар толық өңделеді. Ал, «Казпионфудта» өздері дайын өнім шығарады. Француз технологиясы бойынша. Бастапқыда 3 мың тонна өнім өңдейтін еді, қазір қуаты 5-6 мыңға дейін күшейді.
Жыл сайын Оңтүстікте 1 миллион тоннадан астам бақша өнімі жиналады. Бұл өңірдің ішкі қажеттілігінен 10 есе артық. Ал, көкөніс 4-5 еседей көп егіледі. Былтырғы жылдың өзінде экспортқа 500 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі жіберілген. Күздегі мол өнім биыл да елдің ырысын еселей түспек.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ