Қалада ерекше күтімді қажет ететін 2 мыңнан астам бала бар. Олардың 850-і – мүгедек. 400-ге жуығы мамандардың кәсіби көмегіне мұқтаж. Облыс орталығында бұған дейін кәсіби тұрғыда көмек беретін мұндай педагогикалық-психологиялық орталық жоқ еді. Бұл - еліміз бойынша ашылған сегізінші және аумағы бойынша ең үлкен мекеме. Орталықта 15 кабинет бар. Дефектолог, психолог, логопед секілді түрлі саладағы 16 маман жұмыс істейді. Жыл сайын бұл орталық даму мүмкіндігі шектеулі 120 балаға жәрдем беріп, тегін қызмет көрсетеді.
Ольга Федулова, Орал қаласының тұрғыны:
- Бұл жерде баланың дамуына бар жағдай жасалған. Баламның тілі өте кеш шыққан еді. Енді міне, сөйлей бастады. Күнде «барайық» деп, осында келгісі келіп тұрады. Педагог мамандардың баламен қарым-қатынасы өте жақсы. Оралда осындай орталықтың ашылғанына өте қуаныштымын.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ