Бензин тапшылығы бейсенбіге дейін шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бензин тапшылығы бейсенбіге дейін шешіледі

09.10.2017

Жанар-жағармай тапшылығы апта соңына дейін реттеледі. Жағдайды реттеу үшін көрші Ресейден 100 мың тоннаға дейін жанармай жеткізілмек. Бүгін Энергетика министрлігі бензинге қатысты түсініктеме берді. Дулат Абибуллаев жалғастырады.

Дулат Абибуллаев, тілші:

- Жанар-жағармай тапшылығы халықты біраз әбігерге салып, әзіл-шыны аралас күлкіге айналды. Бензин дауының басты себебі сол баяғы жөндеу мен жаңарту жұмысы жүріп жатқан зауыттар мен доллар бағамының күрт өзгеруі. Жағдайды реттеу үшін Үкімет осы аптада нарықты қолмен реттеуге кіріскен. Яғни, қай өңірге қанша жанар-жағармай жіберуді зауыт басында отырып шешкен. Белгілісі, өзіміздің бензин өзімізге жетпейді. Әзірге. Сол себепті, осы айда көрші Ресейден 100 мың тоннаға дейін бензин таситын боламыз. Бірақ баға қандай болмақ?!

Әсет Мағауов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Болашақ баға қандай болатыны Ресей Федерациясынан сатып алатын жанармайға байланысты болады. Екіншіден, кейбір аймақтарда тапшылық болса, ол жерде жанармай бекеттері бағаны көтеруге тырысады. Біз бағаны ары қарай өсірмеу үшін оларға тағы объемдар беріп, көмектесуге тырысамыз. Біз Ресей, Беларусь, Қырғызстан елдерімен бір Кедендік одақтамыз. Сол елдермен салыстырғанда біздегі баға ең төмені.

Қазір отандық үш зауыт 80, 95 маркалы бензин өңдеуді азайтып, 92 маркалы жанармайды көп шығаруға тырысуда. Жалпы, жыл соңына дейін зауыттарда жөндеу-жаңарту жұмыстары аяқталып, ішкі нарықты толық қамтиды. Жоспар сондай. Әзірге «ҚазМұнайГаз» бекеттерінде ғана бензин тапшы. Бір қолға 20 литрден аспайды немесе талонмен таратады.

Азамат Жанғұлов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ  аға вице-президенті:

- Расында да біз шектеп таратып жатырмыз. Біз қазір Ресейден бензин импорттай бастадық. Алғашқы партиялар келе бастады. Бензинді шектеп сату апта аяғында немесе одан да ерте яғни, бейсенбі күндері шешіліп қалады.

- Келесі жылы жанар-жағармай тапшылығы болмайды. Себебі, 2018 жылы үш мұнай өңдеу зауытында да ешқандай жөндеу жұмыстары жоспарланбаған. Керісінше, биыл Атыраудағы зауыт күрделі жөндеуден өтіп, қарашадан бастап әдеттегіден 75 мың тонна көп бензин шығара бастайды.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу