Соңғы екі жарым жылда заңгерлік қызметке көңілі болмаған 500-ден астам азамат республикалық адвокаттар алқасына шағым түсірген. 200 заңгерге қарсы тәртіптік іс қозғалған.
Бұл туралы Астанада өтіп жатқан халықаралық конференцияда белгілі болды. Жиын негізінен адвокаттық қызмет пен заңгерлік көмек мәселелеріне арналған. «Осыдан жиырма жыл бұрын қабылданған заңнаманы реформалау керек», - дейді мамандар.
Ондағы мақсат - саладағы ашықтық пен заңгерлік қызметтің сапасын мейлінше көтеру. Талқыға түскен толықтырулар мен өзгерістер адвокаттарға салынатын міндетті алымды шегеруді көздейді.
Сондай-ақ, аттестациялау жүйесі мен республикалық адвокаттар алқасының маңыздылығын арттыруға негізделген. Жаңа заң жобасы жан-жақты сараланып, қарашада Парламенттің қаралуына жіберілмек.
Елдос САПАРҒАЛИ