Алматы инновациялық даму орталығына айналады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы инновациялық даму орталығына айналады

10.02.2014
Алматы инновациялық даму орталығына айналады
Алдағы бес  жылда Алматы инновациялық даму орталығына айналады. Бүгін Алматы шаһарына келген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев осылай деді.
 
Бірқатар өнеркәсіптік өндірістерді аралаған Әсет Исекешев өңірдегі Үдемелі индустриялды инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асуын қадағалады. Әсіресе, инфекцияға қарсы препараттардың ғылыми орталығындағы тың бастамаларға оң бағасын берді.
 
Сондай-ақ, «Рахат» кондитерлік фабрикасында болып, мұндағы өндірілетін тәтті тағамдардың құрамы мен сапасына тоқталды.
Себебі, қазақстандық кәмпиттер тек республикамызда ғана емес, ТМД және Еуропа елдеріне экспортталады.
 
Болашақта Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Алматыдағы «Алатау» инновациялық технологиялар паркінде инновациялық кластер құрмақ.
 
Оның құрамына еліміздің озық университеттері қатысып, жас ғалымдардың құрамы артпақ. Осылай деген Әсет Исекешев қала әкімімен 2014 жылға арналған келісілген іс-әрекеттер жоспары мен туризм саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
 
Әсет Исекешев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі:
Алматыда Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы осы уақытқа дейін қарқынды дамып келеді. Жаңа өндіріс ошақтары бой көтеріп, бизнес ахуалы жақсаруда. Осылайша, өңірде индустрияландырудың бірінші бесжылдығы табысты аяқталды. Ал бүгінгі ұсынып отырған инновациялық кластер қосымша жұмыс орындарын ашып, инновациялық белсенділікті арттырады. Осылайша, Елбасы өткен жылдың соңында және Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларды өз уақытында әрі жедел орындамақпыз.
 
Әйгерім МУСИНА

Хабарламаларға жазылу