Саяқ кентінің тұрғындары жылдар бойы ауызсудың зардабын тартып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Саяқ кентінің тұрғындары жылдар бойы ауызсудың зардабын тартып келеді

19.09.2017

Қарағанды облысының Балқаш қаласына қарасты Саяқ кентінің тұрғындары жылдар бойы ауызсудың зардабын тартып келеді. Мұндағы су торабының әбден тозығы жетіп, іске жарамсыз болып қалған. Былтыр бір жылдың өзінде кентке келетін су құбырынан 268 рет ақау шыққан. Қазір мәселені шешу мақсатында жұмыстар басталып кетті. Алдымен тұрғындарды сумен уақытша қамтамасыз ету үшін төменгі Тоқырауын өзенінен келетін ескі торапты жөндеуге бюджеттен 232 миллион теңге қаражат бөлінді. Ал, кенттегі су мәселесін түбегейлі шешу үшін осындағы 8 аумаққа геолог мамандар бұрғылау жұмыстарын жүргізіп, 200 метр тереңдіктен су тапты. «Әдетте қойнауы кенге толы жерлерде су қоры аз болады. Сондықтан, бұл табылған су көзі сарқылмайтынына көз жеткізу үшін жылдың төрт мезгілінде тексеру керек. Егер су тартылмайтыны дәлелденсе, жоба құрылысына 1 миллиард теңгеге жуық қаражат кетеді», - деді кентке арнайы барған облыс әкімі.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу