Экспорт көлемі еселенбек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экспорт көлемі еселенбек

29.01.2014
Экспорт көлемі еселенбек
Еліміздегі экспорт көлемі 2012 жылы 86,4 миллиард АҚШ долларын құрап, Қазақстан экспорттаушы елдердің арасында 42 орынға тұрақтаған.  Оның ішінде шикізаттық емес экспорт мөлшері 21,4 миллиард АҚШ доллары.
 
Сандар көңіл көншітпейді. Сондықтан, отандық шикізаттық емес экспорттың үлесін 2025 жылы 2 есе, 2040 жылы 3 есеге дейін арттыру керек. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясында Үкімет алдына маңызды міндет қойды.
 
Жүктелген тапсырманы орындау мақсатында 2020 жылға дейінгі Ұлттық экспорттық стратегия дайындалды. Құнды құжаттың жобасын бүгін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы таныстырды.
 
Стратегия салмақты үш сауалды қамтыған. Әуелі қандай тауарларды экспортқа шығару керек? Қандай нарыққа жол тарту қажет? Үшіншісі, осы екі үрдісте нендей мемлекеттік тетіктерді пайдаланған жөн?
 
Осы орайда, стратегияны дайындаған мамандар шетелдерде шикізаттық емес экспортты ілгерілету өкілдіктерін ашу керек, деп есептейді. Онан соң отандық экспортты қаржыландыруды қарастырып, транспорттық инфрақұрылымды қолжетімді ету керек, деп санайды. Сонда ғана еліміздің экспорты еселенеді.
 
Қанат Қожамқұлов, «Kaznex Invest» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ департамент директоры:
Әртараптандырылмаған Қазақстанның 78 пайыз экспорты 10 елге таратылады. Қазақстанның 15 тауары жалпы көлемнің 91 пайыз экспортын құрайды. Сондықтан, осы мәселе туындап отыр, шикізаттық емес экспортты алға жылжыту, дамыту бойынша.  Ұлттық экспорттық стратегия келесі 5 жылға бағытталған. Осы мезгіл ішінде экспорттың көлемін, 1,5 , 1,7 есе арттырмақпыз.
 
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу