Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Жезқазған-Шалқар-Бейнеу теміржолының әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктері туралы кеңінен тоқталып өткен болатын. Елдің шығысы мен батысын тікелей байланыстырып, Каспий мен Кавказ арқылы Еуропаға шығуға мүмкіндік беретін магистраль бұл.
Сондай-ақ, шығыста Тынық мұхиттағы ҚХР-ға тиесілі порттарға жалғайды. Бүгінде алып теміржолдың негізгі торабы бітіп, енді бойындағы елді мекендер біртіндеп салынуда. 2015 жылға дейін оларға соғатын кірме жолдары мен инфрақұрылымы тартылатын болады.
Құмбай Байдәулетов - 20 жылдан артық еңбек өтілі бар теміржолшы. Еліміз тәуелсіздік алған кездегі алғашқы «Ақсу-Дегелең» теміржол торабынан бастап, ең ауқымды деген Хромтау-Алтынсарин, Шар-Өскемен сынды құрылыстардың барлығына қатысып келеді.
Енді міне, елдің шығысы мен батысын жалғайтын стратегиялық маңызы зор тарихи магистральдің құрылысында да қолының ізі қалды. Тартылған теміржол, бойында салынып жатқан елді-мекендер келешек жастар үшін. Оларға деген бар жағдай қарастырылған, дейді ардагер теміржолшы.
Құмбай Байдәулетов, Жезқазған-Сексеуіл теміржол құрылысына жауапты компанияның бас менеджері:
Осы Жезқазғанның басында, мінеки, екі пәтерлі 40-тай үй салынды. Жаңа теміржол болғаннан кейін жас мамандар, жұмысын білетін мамандар керек. Солар келіп, еркін жұмыс істеулері үшін жасалып жатқан жағдайлар.
Жезқазған қаласы маңынан салынған жаңа теміржолшылар ауылы жақында пайдалануға берілмек. Оған қоса 200 орындық мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандары да бой көтереді. Жалпы Жезқазған-Бейнеу теміржолы бойында 13 станция, 30 разъезд болады. Одан тыс Жезді, Қарсақбай, Байқоңыр, Қоскөл сынды тірлігі тұралап тұрған қаншама елді мекендер қайта дамиды.
Рүстем Молдағұлов, «Жол жөндеуші» ЖШС атқарушы директоры:
Елбасы Жолдауында айтылған «Мәңгілік ел» идеясына осы жоба да кіріп отыр. 2015 жылы теміржолды толықтай бітіреміз деп мақсат қойдық. Оған мүмкіншілігіміз бар. Биыл қыста соған дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Жезқазған-Бейнеу теміржол құрылысы аяқталған соң, бойында орналасқан 20 000-ға жуық халық тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, осы теміржолмен жылына 21 миллион тонна жүк тасымалданатын болады, деп күтілуде. Бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалына оң серпін бермекші.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ