Елбасы өз Жолдауында Үкіметке индустрияландырудың екінші бесжылдық жоспарын «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасымен үйлестіруді тапсырды. Мұның өзі Ақтөбедегі тұралап қалған электрод шығаратын зауыт ұжымының үмітін қайта оята бастады.
Өйткені өндіріске инновациялық технологиялар ауадай қажет. Зауыттағы 40 жыл бұрынғы ескі құрал - жабдықтардың әбден тозығы жеткен. Оларды жергілікті биліктегілер мәжбүрлегендіктен сатып алған. Сөйтіп 2 топтағы мүгедек кәсіпкер, қарызға белшесінен батты. Енді ол Елбасы Жолдауына сенім артып отыр.
Мынау банкрот болған мекеме. Сыртқы көрінісі жаңа, бірақ ішіндегілері пайдаға жарамсыз. Кәсіпкер моральдық жағынан әбден тозған ескі жабдықтарды жергілікті биліктегілер өзіне күшпен тықпалағанын айтады. Уақытша пайдалануды ұсынып, кейін мәжбүрлеп сатқан. Дәл қазіргідегідей күйзелісті күйінде кәсіпорынның алысқа бармасы анық.
Қалижан Имашев, кәсіпкер:
Бір бөлігі 1968 жылғы, қалғаны 1986 жылғы. Индустриялық-инновациялық даму дейді. 1986 жылы қайдағы даму болды? Түсінбедім. Құны - 17 миллион 500 мың теңге.
2-ші топтағы мүгедек жан электрод шығарудың бар әдісін меңгерген тәжірибелі маман. Өзі істеген жұмысты жандандыру үшін тәуекелге бел буып және мемлекеттік қолдауға сенім артып, еңселі ғимарат тұрғызды. Алғашқыда кәсіпкерге бірқатар көмек көрсетілді. Өнімге деген сұраныс та болған. Бірақ, сәтті басталған тірлік бірте-бірте сұйылып, ақыры аяқсыз қалды.
Қалижан Имашев, кәсіпкер:
Субсидия алдым. 14 пайызбен несие алдым, оның жартысын «Даму» қоры субсидиялап отыр. Сол алған көмегім. Субсидияға Үкіметтен қанша миллион кетіп жатыр.
Жергілікті билік зауыттың жарық желісі мен кәріз құбырын ғана жүргізіп берді. Өңірде үдемелі индустриялық-инновациялық картаға енген 76 жоба бар. Оның 2 пайызының жұмысы тұралап тұр. Кәсіпкерлер палатасының басшысы мұны кәсіпкердің кінәсі дейді.
Төлеміс Шотанов, Ақтөбе облысының кәсіпкерлік палатасының директоры:
Кәсіпкерлердің 98 пайызына көмек көрсетіледі. Инфрақұрылым түгел мемлекет қаржысына жүргізіледі. Қиындықтар болады, әрине. Бірақ, жобада алдымен нарықтағы талапты ескеру керек.
Кәсіпкер Қалижан Имашевтың налитыны - зауыттың ашылмай жатып, жабылып қалғаны. Елбасы жыл сайынғы Жолдауында орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуды тапсырады. Мемлекеттік бағдарламалар әзірленеді. Оған бөлінген қаржы түгелдей кәсіпкерлікті жандандыруға жұмсалса тірлігіміз түзеліп еңсеміз көтеріліп кетер еді, дейді ақтөбелік мүгедек кәсіпкер.
Әлия ТАЛАСОВА