Танымал актер әрі режиссерға «Феникс» фильмінің түсірілуіне бөлінген 79 миллион теңгенің 69 миллионын жымқырды деген айып тағылған болатын. Жалпы, осыған қатысы бар деген күдікпен 9 адамның үстінен іс қозғалған. Сот үш айға созылды. Нәтижесінде, Медеу аудандық 2-ші сотының судьясы Тәкен Шәкіров Тұңғышбай Жаманқұловты Қылмыстық Кодекстің 189-шы бабы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Сондай-ақ, ол 5 жыл бойы басқарушы қызметтерді де атқара алмайды. Бірақ, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылыққа байланысты Жаманқұлов жаза мерзімін шартты түрде 3 жыл 6 ай өтейді. Ал, режиссер Талғат Жәнібеков 7 жылға, «Қазақфильмнің» бұрынғы топ-менеджері Гауһар Ысқақова 1 жылға шартты түрде сотталды.
Сондай-ақ, «Феникс» фильмінің атқарушы продюсері Наталья Юдина да рақымшылыққа ілігіп, оған 3,5 жылға жаза кесілді. Сондай-ақ, сот шешіміне сәйкес, айыпты азаматтар Мәдениет және спорт министрлігінің пайдасына 18 млн. 400 мың теңге төлейді.
Амангелді СЕЙТХАН