Алматы облысы Райымбек аудандық прокуратурасының бастамасымен аймақта бірнеше жоба іске асты. Атап айтсақ, «Жетісу - балалар үйінсіз», «Ұрлыққа тосқауыл» және «Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс» деп аталатын игі бастамалар.
«Жетісу - балалар үйінсіз» жобасына сай, аудан мен облыстағы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың санын азайту көзделген. Қазір осыған байланысты өңір жұртшылығына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өйткені, көпшілік игі бастама туралы әлі күнге дейін естімеген. Сондықтан, оған қажетті құжаттарды жинаудың жөн-жосығын білмейді.
«Ұрлыққа тосқауыл» бастамасы қолға алынғалы аймақта мал ұрлығы бірнеше есе азайған. «Мысалы, былтыр 379 қылмыс тіркелсе, солардың 134-і мал ұрлығына қатысты болған. Ал, ауыл шаруашылығына басымдық берген аудан жұрты үшін бұл жоба ауадай қажет», - дейді прокурорлар.
Қазір Райымбек ауданында 700-ден аса мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Жарымжан жандарға арнайы білім беріп, еңбекпен қамту міндеті қойылған. Ал, «Ұрлыққа тосқауыл» қою үшін тас жолдың бойына арнайы бекеттер орнатылған. Мұнда құзырлы орган өкілдері көлікке тиелген сиыр мен қойдың қайдан әкелінгенін тексереді.
Мирас МҰҚАШ