Бүгін Әбілсейіт Айқановтың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Әбілсейіт Айқановтың туған күні

15.06.2016
Бүгін Әбілсейіт Айқановтың туған күні

Осыдан 78 жыл бұрын палуан, еркін күрестен спорт шебері Айқанов Әбілсейіт Рүстемұлы дүниеге келді.

Әбілсейіт Рүстемұлы 1938 жылы 15 маусымда сол кездегі Талдықорған облысында туған. Еркін күрестен ауыр және жартылай ауыр салмақта белдескен ол 1958-1969 жылдар аралығында Қазақстан чемпионатын 11 рет жеңіп алды. Сондай-ақ, КСРО халықтары спартакиадасының және КСРО чемпионы (1963 ж.), КСРО Кубогының иегері (1970 ж.). 1958 жылы Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған палуан 1968 жылы КСРО-ның «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

1963 жылы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын бітірген Әбілсейіт Айханов -Қазақстанда спорт саласының дамуына да өлшеусіз үлес қосқан маман. Дене тәрбиесі теориясының профессоры шәкірт тәрбиелеуде де өзіндік із қалдырды.

Әлемнің 50-ден астам елінде оның құрметіне КСРО гимні шырқалды. Сондай-ақ, Айхановтың есімі үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Медведьті жеңген палуан ретінде де тарихта жазылған.

Айқанов халықаралық жарыстарда 74 рет кілемге шығып, оның 72-сінде басымдық көрсеткен. 1961 жылдан Республикалық «Қайрат» еркін спорт қоғамының мүшелерін жаттықтырумен айналысқан. Айқановтың шәкірттері - спорт шеберлері А.Бұғыбаев, М.Есімов, М.Нәдірбеков, т.б. халықаралық жарыстарда республиканың намысын қорғаған.

2016 жылдың 6 наурыз күні қазақтың атақты палуаны Әбілсейіт Айханов 78 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Хабарламаларға жазылу