Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысатын елдер осы жылдың соңына қарай көрме аумағындағы павильондарын толтыра бастайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингісіне қатыса отырып, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шорманов мәлім етті.
«Экспо көрмесі - тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең ірі жоба болғандықтан, жауапкершілігі жоғары. Бұл жобаны абыроймен жүзеге асырғымыз келеді. Қазір көрменің дайындығы қарқынды жүріп жатыр. Көрме аумағының құрылысы да қарқынды. Сондықтан, осы жылдың соңында халықаралық көрмеге қатысуын растаған мемлекеттердің павильонын өздеріне береміз. Елдер жыл соңынан бастап павильондарын толтыра береді», - деп хабарлады Е.Шорманов.
Е.Шорманов еске салып өткендей, дәл қазіргі сәтте 90 ел мен 15 халықаралық ірі ұйым Астанадағы көрмеге қатысатынын растаған. 70 елдің комиссиарлары анықталып, 50 келісімшартқа қол қойылған.
Айта кетейік, 10 маусым күні, яғни, көрменің ашылуына тура бір жыл қалғанда, көрменің билеттері сатылыма түсті. Көрменің ресми сайтына кіріп, электронды билет те сатып алуға болады.