Бүгін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барды. Мұхтар Құл-Мұхаммед сапар аясында өңір имамдарымен кездесті.
«Нұр ғасыр» мешітіндегі өңірдің діни жетекшілерімен кездесу барысында партия төрағасының бірінші орынбасары жазықсыз жандардың құрбан болуына әкеліп соққан терроршылардың әрекетін қатаң айыптады.
«Кісі өлтірген адамдарды ештеңемен ақтауға болмайды. Кез-келген пендеге ғұмыр сыйлайтын да, уақыты келгенде оны алатын да бір Алланың өзі. Ендеше кісі өлтірген жауызды Құдайға қарсы шыққан қылмыскер деуіміз керек. Оларды мұсылман, тіпті адам деп айтуға да болмайды», - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
«Жағдай толық біздің бақылауда. Құқық қорғау қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Енді 3-4 күдіктіні ұстау қалды. Қазіргі кезде ахуал тұрақты. Сіздер мешіттерге келуші жамағатпен тығыз байланыс орнатып, насихат жұмыстарын күшейтсеңіздер», - деді өңір имамдарымен кездесуде Бердібек Сапарбаев.