ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Əбдіқалықова Астананың Орталық саябағына барып, балаларға арналған «Қош келдің, жаз!» атты шараның ашылуына қатысты.
Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған бағдалама саябаққа келген балаларға тамаша көңіл-күй сыйлады.
Жалпы, Қазақстан балалардың əлеуметтік қамтылуына үнемі ерекше көңіл бөледі. Балабақша мен мектеп салу - ел саясатының басты бағыты болса, түрлі қайырымдылық қорлары мен қоғамдық ұйымдар балаларға арналған жобаларды жүзеге асырады. Жалғыз Астананың өзін алсақ, 35 мыңнан аса бүлдіршін балабақшамен қамтылған, 117 мыңнан аса бала білім алуда.
«Қазақстанның барлық бүлдіршінді балалар күнімен құттықтаймын. Аспандарың ашық болсын. Балаларымыз соғыс пен лаңкестіктің не екенін көрмей өссін. Жүздерінен күлкі кетпесін»,-деді Г.Əбдіқалықова.
Астананың орталық саябағында ертегі кейіпкерлерінің киімін киген актерлар балалардың көңілін көтеріп жүр. Арнайы концерт те қойды. Саябақ ішінде балалар салған суреттердің көрмесі, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Ұл балалар футбол теуіп, қыздар асфальтқа сурет салды. Жалпы, шараның мақсаты - каникул кезінде балаларды спорт пен қолөнерге баулу.