Жазушы, драматург Қалмұқан Исабай дүниеден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жазушы, драматург Қалмұқан Исабай дүниеден озды

04.12.2015
Жазушы, драматург Қалмұқан Исабай дүниеден озды
Жазушы, драматург Қалмұқан Исабай дүниеден озды
Алматыда белгілі майдангер жазушы, ЕДС ардагері Қалмұқан Исабай қайтыс болды. Бұл туралы Жазушылар одағының хатшылығы хабарлады.

Ертең Жазушылар одағының ғимаратында таңертеңгі сағат 10-да жазушыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтеді.

Қалмұқан Исабай 1925 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған. Қазақ Мемлекеттік университетін тәмамдаған.
1955-1985 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы әдебиетті насихаттау бюросының директоры қызметтерін атқарған.

1985 жылдан бастап шығармашылық жұмыспен айналысады. Алғашқы әңгімелер жинағы - «Баян» атты әңгімесі 1959 жылы жарық көрді. Бұдан соң «Ажал құрсауында», «Жұмбақ үй», «Бетпе-бет», «Соңғы тәулік» повесть, әңгіме, очерктер жинақтары, «Cұнқар самғауы», «Айқыз», «Жолдас комен-дант», «Көгілдір қазына», «Серт», «Арна» т.б. романдары басылды.

1979 ж 22 шілдеде Германиядағы Габельбах қаласындағы Гете музейіне неміс ақынының адамзат пен табиғат тұтастығын көркем бейнелеген әлемге әйгілі «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңінің Абай аударған нұсқасы жазылған ескерткіш тақта орнатты. Бұл өлеңге қазақ ақыны шығарған кең тынысты, нәзік әуенді ән жазылған магнитофон таспасын, әннің нотасын сыйға тартты.

1980 ж 13 маусымда Қ. Исабай өзі салған Абайдың портретін және қақпағына орыс және неміс тілдерінде: «Гетенің Азиядағы тұңғыш аудармашысы, ақын және композитор «Түнгі кезбе» өлеңіне арналған әуенін осындай ұлт аспабының сүйемелдеуімен шығарған» деген сөз жазылған домбыраны осы музейге табыс етті. ГДР газеттері Тюрингияда шырқалған Абай әнін жыл сайын 60 мыңдай адамның тыңдайтынын жазды. Жазушының бастамасымен 2000 жылы Берлиннің бір көшесіне Абай аты берілді.

«Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», І дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет» ордендерімен, және көптеген медальдармен марапатталған.

Хабарламаларға жазылу