Әлемдік БАҚ Елбасының ұсыныстарын талқылауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемдік БАҚ Елбасының ұсыныстарын талқылауда

01.10.2015
Әлемдік БАҚ Елбасының ұсыныстарын талқылауда

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ-ның 70-ші сессиясында айтқан ұсыныстары шетелдік ірі-ірі БАҚ-тарда талқыланып жатыр. Газет-журналдардың басым бөлігі Президентіміздің сөзін мұқаба бетке тақырып ретінде қойған. Сондай-ақ Елбасының ұсынысы негізінде БҰҰ-ның соңғы сессиясына сараптама жасауда. 

ХІХ ғасырда бар жаңалық, бар прогресс Еуропада болды. Ұлттар Лигасы да осы құрлықта құрылды. ХХ ғасыр Американың еншісінде еді. Тиісінше, әлем жұртының құқы мен хақысын даулаған құрылым дүниенің локомативі АҚШ-ты жағалады. ХХІ ғасырда Азия қарқынды дамып алға шықты. Әрі жаһан жұртының үштен екісі осы құрлықта ғұмыр сүріп жатыр. Дүнижүзінің кескін-келбеті қандай болмағын бұдан былай Азия елдері анықтайтын күн жақын. Н.Назарбаев осы өзгерістерді ерте сезінгендіктен, БҰҰ-ның штаб пәтерін Азияға ауыстыру қажет деп ұсыныс жасады. Қытайдың «Синхуа» агенттігі, газет-журналының мұқаба бетіне осылай деп мақала жариялады.

Ал Испанияның «EFE» деп аталатын беделді тәуелсіз ақпараттық агенттігі «Н.Назарбаев БҰҰ-ға «Жаңа болашақты» ұсынды» деген тақырыпта репортаж берді. Материалда, Елбасымыздың, БҰҰ-ның жүз жылдығына орай Жаһандық Стратегиялық бастама-2045 жобасын жасап шығару ұсынысы жан-жақты талқыланыпты. Репортаж соңы, мұндай басшысы бар ел – көп өтпей әлемдік державалардың қатарына ілігуі тиіс,-деп аяқталады.

«Глобал пост» газеті Нұрсұлтан Назарбаевтың Бас Ассамблея мінберінен сөйлеген сөзін негізгі цитаталар қатарына қосқан. Әлемнің 230 елі мен территориясында 5 миллион оқырманы бар америкалық басылым Қазақстан, Ресей, Иран басшыларының маңызды мәлімдемелерінен үзінді келтіре отырып,  Елбасының «соңғы 70 жылда әлемде әскери жанжалдарды тоқтатудың жолы табылмады» деген сөзін жариялаған. 

Түріктің «Спутник Түркие» басылымы бір мақаласын «Назарбаев дүниенің ортақ валютасын шығаруды ұсынды»  деген тақырыппен жариялады.  Онда автор Қазақстан президентінің мәлімдемесіне сілтеме жасап, бүгінгі резервтік валюталардың демократия, бәсекелестік және халықаралық бақылау критерийлеріне сәйкес келмейтінін хабарлайды.

Нұрбек БЕКБАУ

Хабарламаларға жазылу