Қазір ауылда балабақшаның мүлдем болмауына орай ата-аналар нәрестелерін көрші елді мекендерге, тіптен қалаға жол азабын тартып жетелеп апаруға мәжбүр.
Мектепке дейінгі мекеменің жоқтығынан жұмысқа жарамды жандардың көпшілігі еріксіз үйлерінде отырғаны тағы бар.
Балабақша проблемасын шешу үшін атыраулық кәсіпкерге ескі ғимаратқа күрделі жөндеу өткізіп, жеке 140 орындық мектепке дейінгі мекемені ашуға мүмкіндік берілген.
Сондай-ақ, 290 орындық мемлекет меншігіндегі балабақшаның құрылысы басталуға тиіс. Бірақ, мұның өзі де бұл мәселені түбегейлі шешпейді.
Айта кету керек, Еркінқалада жеке тұрғын үйлердің көптеп бой көтеруіне байланысты халық саны жуық арада 10 мыңға дейін жетеді деген жоспар бар. Демек, әзірге онсызда салынбаған әлеуметтік нысандар бой көтергенше, оған деген қажеттілік еселеп өсе беретін болады.
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ