Семейде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митинг өтті.
Саяси репрессия - ел тарихындағы ең азалы беттердің бірі. Қудалауға Алаш арыстарынан бастап, қазақтың бүкіл қайраткерлері, зиялылары ұшырады. Бас көтерер ерлер оққа байланды.
Ғалым Қайым Мұхамедханов та жазықсыз 25 жыл бас бостандығынан айырылып, оның бес жылын түрмеде өткізген. Қудалауда жүріп, Абайдың, Шәкәрім мен өзге де Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеген.
Солақай саясат салдарынан құрбан болған асылдарымызды еске алу үшін жастар мен зиялы қауым Қайым ескерткіші алдына жиналып, гүл шоқтарын қойды.
Ақындар жырдан шашу шашып, бабалар руһына тағзым етті.
Айбар Қадыров, филология ғылымдарының кандидаты, профессор:
Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған біздің алдыңғы толқын ағаларымыздың аңсап өткені - бүгінгі ұрпақтың көріп отырған Тәуелсіздігі. Саяси құрбандардың еңбектері күнделікті насихатталып отырады. Жас ұрпақтың жадынан өшпейді.
Ержан ЖАҚЫП