Жетіаралдық Айқын Ошанұлы мемлекеттік бағдарламаның көмегімен жылыжай салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетіаралдық Айқын Ошанұлы мемлекеттік бағдарламаның көмегімен жылыжай салды

16.05.2015
Жетіаралдық Айқын Ошанұлы мемлекеттік бағдарламаның көмегімен жылыжай салды

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы жақын арада шетелден тасымалданатын көкөніс пен жеміс тәуелділігінен арылады. Өйткені, осыған дейін негізінен мал шаруашылығымен шұғылданған өңірдің тұрғындары жылыжай салып, егін егуге де мықтап ден қоя бастаған. Бау-бақша өсіріп, осы кәсіптен ризығын айырып отырғандардың арасында тарихи отандарына қоныс аударып, көшіп келген қандастарымыз да көп. Сондай отбасының бірі - Жетіарал ауылында тұрады.

Жас балаларға жылыжайдағы жұмыстың қыр-сырын үйретіп жатқан – Айқын Ошанұлы.

Бала-шаға мен немерені дәрумені мол, бақшадан жаңа үзілген көкөніспен қамтамасыз ету үшін биыл осы жылыжай салынды. Отанасы Зейнепхан Оралқызы мұнда 5 мың түптен қияр мен қызанақ екті. Бұйырса, жақын арада алғашқы өнім жиналып, дастарханға қойылады. Артылғаны сатылады. Алдағы уақытта жылыжайды кеңейтіп, мұнда Жетіарал үшін жеңсік жеміс-жидектерді де өсіру көзделген.

Жылыжай ашу үшін бұл отбасы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 3 миллион теңге несие алған. «Мұндай көмек беріліп тұрғанда, еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлесімізді қосу - басты міндетіміз»,-дейді ауыл тұрғындары.

Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу