Қостанайлық шаруалар ресейліктермен іскерлік қарым-қатынас орнатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайлық шаруалар ресейліктермен іскерлік қарым-қатынас орнатты

26.02.2015
Қостанайлық шаруалар ресейліктермен  іскерлік қарым-қатынас орнатты

Қостанай облысының ауыл шаруашылығы құрылымдары ресейлік трактор жасаушылармен іскерлік қарым-қатынас орнатты. Мақсат – жаңа техниканы тиімді бағаға сатып алып, еңбек өнімділігін арттыру.

Ресейліктер өз кезегінде қазақстандық тұтынушылардың талап-тілектерін ескеріп, техниканы жөндеу, басқа да қызмет көрсету жұмыстарын жандандыратын болады.

Петербург зауытының тарихы патша заманынан басталады. Әйтсе де мұнда ең алғашқы трактор 1924 жылы құрастырылып шығарылған. Ал, 1962 жылдан әйгілі «Кировецтерді» жасай бастады.

2000 жылы осы техниканың қазіргі заманға сай, жаңа «К-744» маркісін өндіріске қойды. Соңғы үлгіні жетілдіру жұмысы әлі жалғасып келеді.

Игорь Ходых, цех басшысының орынбасары:

Сапалық жағынан трактор зор өзгеріске ұшырады. Өндіріс өнімділігі жоғарылады. Бұрын желіде 26 бекет болса, қазір оның саны екі есе қысқарды. Басты мақсат – сапасын жақсарта отырып, техниканың бағасын арзандату.

Былтыр осы жерде жасалған 16 трактор Қостанай облысындағы «Алтынсарин» шаруашылығына жеткізілген. Қазақстандық шаруалар ресейлік тракторлардың бағасы қолжетімді, ал сапасы жағынан жергілікті климатқа бейімделгенін айтады.

Енді, міне, олар Ресейдегі трактор зауытында болып, өндіріспен жан-жақты танысты.

Борис Князев, шаруашылық жетекшісі:

Мысалы, біз сатып алған 16 трактор еш ақаусыз жұмыс істеп кетеді деп ешкім айта алмайды. Сондықтан сол тракторлар өнімді жұмыс істеу үшін оны жасаған мамандардың пікірін тыңдау керек. Қандай кемшілігі, артықшылығы барын білуіміз керек.

Сергей Серебряков, Петербург трактор зауытының директоры: Біздің мамандар бүгін тікелей тұтынушылардың талап-тілектерін тыңдады. Бұл өндірісті дамыту барысында өте қажетті қадам. Біз өз тұтынушыларымызға сервистік  қызмет көрсетуді дамытуға күш саламыз. Тіпті жергілікті жерде мамандар дайындауды жоспарлап отырмыз.

Сатқан техникасын кепілдікпен жөндеп, қызмет көрсететін өндірушімен әріптес болу - қазақстандық шаруаларға да тиімді. Олар былтыр көрші елден 80 трактор сатып алыпты.

Ал, 2012-2013 жылдары бұл көрсеткіш 50-ден аспаған еді.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу