Қызылорда облысындағы Жалағаш аудандық ауруханасы типтік емес ғимаратта орналасқан. Ал, жаңадан салынып жатқан емхана құрылысы аяқталмай тұр.
Наразы халық «алқам-салқам» ауруханада жатуға қауіптенеді. «Тиісті талапқа сай емес емдеу мекемесінде ауруымызға ауру қосып аламыз ба», - деп қорқады.
Батыр ана Балкүл аурухананың да, емхананың да азабын көрді. Өйткені, жасы ұлғайған сайын денсаулығы сыр беріп, дәрігер көмегіне жиі сүйенеді.
Ескі емдеу мекемесінде тиісті емді ала алмайды, ауруханада да ешқандай жағдай жасалмаған.
«Ғимараттар типтік үлгіде емес. Талапқа сай келмейтін бұл бөлмелерде дертіме шипа емес, сырқатыма сырқат қостым», - дейді зейнеткер.
Балкүл Жұмаділова, Жалағаш ауданының тұрғыны:
Емхананың кезегін күту оңай емес, ашуланасың, қысым көтеріледі. Қашан бітетінін білмейміз. Ол түйенің етін жеген шығар. Емханамыз ашылуын күтіп, армандап жүрміз. Ауруханамыз да тар, ескі. Осыған жату үшін де кезек күтеміз.
Жалағаштағы жалғыз аурухананың жағдайы мәз емес. Кезінде асарлатып бой көтерген ғимарат әбден тозған.
Ал, емхана құрылысы екі жыл бұрын басталды. Бірақ, былтыр пайдалануға берілуі керек болса да әлі күнге дейін бітпей тұр.
Мұрат Тілеуімбетов, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
Олардың қазіргі төлемақысы айыппұлы есебінде 311 миллион теңгеге дейін көбейіп кетті. Сондықтан да екі жақты келісімге келудеміз. Енді заңдылық көтеретін болса, айыппұлын азайтып береміз. Үш айдың ішінде осы емхана іске қосылуы керек.
Үш ай. Белгіленген мерзім осы. Межеленген бұл уақытта мердігер компания емхана құрылысын толықтай аяқтап, іске қосуы қажет.
Ұлан Төлешов, мердігер компания директорының орынбасары:
Қазір ақша бөліну жағы қағаз күйінде, үш айдың ішінде нысанды бітіруге тырысамыз.
Нақты уәде бермеді, тек уәде беруге тырысты. Оның қаншалықты орындалатынын әрине, уақыт көрсетеді. Біз мұны міндетті түрде назарда ұстаймыз.
Әзірге нақтысы, 250 адамға лайықталған емдеу мекемесінің ашылуын тек Балкүл апай ғана емес, Жалағаштың 40 мыңнан астам халқы күтіп отыр.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ