Атом электр станциясын салу үшін Үкімет арнайы екі алаңды белгілеп отыр. Жобаға жұмсалатын қаржының мөлшері де бекітілген.
Құрылыстың кейінге шегерілуі де ықтимал. Десек те, жобаның қауіпсіздігімен қатар, қаржыландырылуы да талқыланып жатыр.
Үкімет бекіткен, екінші атом электр станциясы салынуы мүмкін екі аймақ осы – Шығыс Қазақстан облысындағы бұрынғы Семей полигоны және Оңтүстік Қазақстандағы су электр станциясының алаңы.
Министрдің мәлімдеуінше, жобаны жүзеге асыру үшін қазынадан 3-4 миллиард теңге қарастырылмақ.
Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:
Атом электр станциясының тағдыры электр тұтыну саласына байланысты. Көршілес елдерге экспорттайтын қуат көздерін де назарға алу керек. Қазір Қытаймен екі жобаны әзірлеудеміз. Сондай-ақ, Ауғанстан және Өзбекстанға электр энергиясын тасымалдау жоспарда бар.
Министр энергия өндірісінің өнімділігі туралы да айтты. Оның айтуынша, былтыр көмірден 73 пайыз қуат көзі игерілсе, газдан – 18 пайыз, жел электр станцияларынан – 8 пайыз, ал шағын су электр станцияларынан 0,6 пайыз энергия өндірілген.
«Жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасына сәйкес, балама қуат көздерін өндіруді 2020 жылы – 3 пайыз, 2030 жылы – 10 пайыз, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Энергетика саласына отандық инженерлердің де қосып жатқан үлесі бар.
Шалатай Мырзахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жақында Қазақстан ғалымдары көмірден жанар-жағармай алудың технологиясын жасап шығарды. Олар бензиннен сапасының жақсы екенін, бағасының арзан екенін дәлелдеп тұрды. Сіздің ойыңыз қалай?
Владимир Школьник бұл тың технологияның бұрыннан таныс екенін, оны Германияның сәтті жүзеге асырғанын жеткізді. Ал, біздің елде қолдануға біршама кедергілер бар.
Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:
Менің ойымша, бұл технология бізге көп табыс әкеледі. Бұған дауласпаймын. Алайда, көмірді күкіртсіз өндіретін қорды табу оңай емес. Технология тиімді әрі арзан. Бірақ оны іске асырудағы тағы бір мәселе – көп көлемде су қажет. Су мәселесін шешсек, жобаны қолдануға болады.
Үкімет сағатында Энергетика министрі Астананы газдандыру мәселесін де баяндады.
В.Школьник түйіткілді шешудің екі шешімін айтты: бірі – батыстан газ құбырын тарту, екіншісі – метан арқылы. Алайда бұл жобаға ешқандай қаржы қарастырылмаған.
Саладағы соңғы жаңалықтың бірі – елімізде электр энергиясы үшiн абоненттiк төлем енгiзiлуі мүмкін. Министрдің мәлімдеуінше, бұл жүйе тұрғындар үшін тиімді болмақ.
Алайда нақты қашан іске асары әлі белгісіз. Бір анығы – мұндай өзгерістер енгізілген заң жобасы жақын арада Мәжілісте қаралмақ.
Жазира ДОСМАҒАНБЕТ