Шардара ауданында 10 үйдің құрылысы аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шардара ауданында 10 үйдің құрылысы аяқталды

03.01.2015
Шардара ауданында 10 үйдің құрылысы аяқталды

ІІ Дүниежүзілік соғысының ардагері Қажымұрат Сапарбаев жылдар бойы кезекте тұрған. Жасы тоқсан беске таяған шағында қария баспаналы болды.

Төрт бөлмелі үйдің кілті соғыс ардагеріне салтанатты түрде табысталды. Үйдің ішін аралап көрген ақсақал ақ батасын берді.

Қажымұрат Сапарбаев, cоғыс ардагері:

Бізді сыйлап, бізді ескеріп, елегендеріңе Елбасыға, бәріңе рахмет айтамын.

Баспаналы болғандардың қатарында Барболовтар отбасы да бар. Жеті баласы бар жанұя бұған дейін пәтер жалдап келген.

Жыл басында жаңа пәтердің кілтін алған отағасы енді қоныс тойын тойламақ.

Байтілек Барболов, өрт сөндіруші:

Осы уақытқа дейін жеті жыл кезекке тұрып, баспаналы болып жатырмыз. Бес бөлмелі үйіміз жақсы. Осы бағдарламаны жүргізіп жатқан Елбасыға рахмет.

Бұл күні Егізқұм ауылының тұрғындарына да тамаша тарту жасалды. Екі мыңға жуық халық тұратын елді мекеннен ұңғыма қазылып, су тазалағыш қондырғы пайдалануға берілді.

«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жасалған игі іске ауыл жұртшылығы қуанып қалды. Таза судың дәмін татқандар сапасы да жақсы екенін айтады.

Төлеген Тәжібай, ауыл тұрғыны:

Су ащы емес, таза. Халықтың атынан көп рахмет айтамын.

Қамытбек Айтөреев, Шардара ауданының әкімі:

Ауданда «Ақбұлақ» бағдарламасы жылда өзінің рет-ретімен шешіліп келеді. Бүгінгі таңда халықтың ауызсумен қамтылуы – 84 пайыз. Бағдарлама әріқарай жалғасады.

Енді ауылдағы 284 отбасы сапалы ауызсу тұтынатын болды. Алдағы уақытта сусыз отырған елді мекендерге де осындай қондырғылар орнатылмақшы.

 

Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу