Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған «Тәуелсіз елім, тұғырың сенің биікте!» атты салтанатты кеш өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мерекелік кешке білім ордасының ардагер-ұстаздары, оқытушы-профессорлары мен студенттері және шетелдік ғалымдар қатысты.
Салтанатты шарада университет басшысы Қылышбай Бисенов жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін физика және математика кафедрасының профессоры Пажарбек Сапарқожаевқа ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Алтынсарин» төсбелгісін табыстады. Университеттің бірқатар оқытушы-профессорлары мен түлектері Қызылорда облысы әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясының Алғыс хатымен марапатталса, облыстың өнер, мәдениет саласын дамытуға ерекше үлес қосып жүрген түлектерге 75 жылдық мерекелік медалі табысталды. Ал, музыкалық білім және дәстүрлі музыка өнері кафедрасының оқытушысы Мақпал Шәкірова «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің «Мәдениет майталманы» медалін иеленді.
Айта кетейік, мерекелік кеште қазақ елінің өткен тарихы, халқымыздың тәуелсіздік жолындағы күрескерлік жолы мен бүгінгі бейбіт өмірді бейнелейтін монолог оқылып, деректі фильм көрсетілді.