Байтақ ел – Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлыстан құралған халқының ауызбірлігімен аты шықты. Бүгінгі Қазақстан – өзі орналасқан аймақтың ғана емес, дүниежүзілік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел.
Еліміздің Тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі, Ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халқының болашағына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы – стратегиялық негізгі бағыттарды құрайды.
Егемен елдің әр жылдары асқан белестерін тағы бір еске сала кетейік.
2001 жыл
2001 жыл XXI ғасыр бастамасы.
2001 жыл - осы жаңа ғасыр тұсында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл толды.
2001-2010 жылдары -Тілдерді қолдану мен дамытудың он жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы және Мемлекет басшысының бастамасы бойынша «Тілдің үш тұғырлығы» Ұлттық мәдени жобасы іске асырылды.
2001 жылы 13 маусымда Алматыда І республикалық «Бөбек» шақырады» фестивалі өтті.
2001 жылы 14 маусымда «Шанхай бестігі» Өзбекстанмен толығып, «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» құрылды.
2001 жылы 7 қыркүйекте Ақтау қаласында, Қазақстан жастарының 1-ші Конгресі өтті.
2001 жыл – Автомобиль жолдары жылы болып жарияланды. Трансеуразиялық магистраль «Батыс Еуропа -Батыс Қытай» жобасы басталды. Еліміздегі жолдардың көп бөлігі жөнделіп, жаңа жолдар салынды. Әуежайлар мен Каспийдегі теңіз порты қайта құрылды.
2001 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Астана төрінен «Атамекен» Қазақстан картасы» этнографиялық-мемориалдық кешені» деп аталатын мәдени орын ашылды. Қазақстанның кішірейтілген картасы іспеттес Аспан астындағы мұндай мұражай дүние жүзінің 17 елінде ғана бар.
Бельгиядағы «Шағын Еуропа» саябағы, Австрия, Швейцария, Германия, Испания, Ұлыбритания елдерінің үлгісімен дүниеге келген «Атамекенде» 14 облыс, 2 қала - Астана мен Алматы қалаларының макеттері қойылған.
2001 жылдың 22-25 қыркүйек аралығында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың шақыруымен Рим Папасы ІІ Иоанн Павелдің Қазақстанға мемлекеттік пасторлық сапары болып өтті. Қазақстан Республикасындағы дінаралық келісім дін өкілдерінің қоғамдық өмірге белсенді қатысуымен сипатталады.
Еліміздегі конфессияаралық келісім мен ұлтаралық келісім бірін-бірі толықтырады. Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылы 22-24 қыркүйек аралығында католиктер мен христиандар, православиеліктер мен иудейлер бастарын қосып, барлық мәселелерді бірлесе талқылаған Әлемдік діндер съездерінің өткізілуі - еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың айғағы.
Орыс православие шіркеуі Қазақстанда дінге сенушілер саны жағынан алғанда екінші орында тұр. 1996 жылы орыс православие шіркеуі Н.Ә.Назарбаевты І дәрежелі Киелі князь Даниил Московскийдің орденімен марапаттады.
2001 жылы 18 мамырда астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі орнатылып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер» тақырыбы бойынша халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
2002 жыл
2002 жыл - «Денсаулық жылы» деп жарияланды.
2002 жыл 4 маусымда Алматы қаласында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім білдіру шаралары жөніндегі Кеңестің (АӨСШК) Саммиті өтті.
АӨСШК екінші Саммиті Декларациясында Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелерінің жалпы жағдайы қарастырылды. Хатшылық Алматы қаласына орналасты.
2002 жылы 25-26 қыркүйегінде - Ежелгі Тараз қаласының көптен күткен 2000 жылдық мерейтой мерекесі ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті.
2002 жылы 23-24 қарашада Түркістан қаласында қазақтардың Екінші Дүниежүзілік құрылтайы өтті.
2002 жылы 24-26 қарашада - Екінші Еуразиялық Медиа Форум өтті (Алматы қаласында).
2002 жылы Еуразияның кіндігі - Астананың төрінде, сулы жасыл-желекті бульвар орталығынан - шыңына алтын шарды көтерген күміс түсті жарқыраған мұнара - «Бәйтерек» монументі пайда болды.
Ол көкке ұмтылған Астананың символына айналды. Н.Ә.Назарбаев жасаған сызба-нұсқаның жобасы негізінде тұрғызылған «Бәйтерек» халықаралық байқауда ТМД елдеріндегі 2002 жылы ең үздік нысаны ретінде алтын медальға лайық деп танылды. Оның биіктігі – 97 метр.
2003 жыл
2003-2005 жылдары -«Ауылды қолдау жылы» деп жарияланды.
2003 жылы Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Бірінші съезі болды. Бейбітшілік және келісім сарайы салынды. Сыртқы пішініне қарап жергілікті халық «Пирамида» деп атап кеткен Бейбітшілік және келісім сарайы - ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықтың, халықтар достығының өзіндік символы тәрізді.
2003 жылы демографиялық жағдайды көтеру және әлеуметтік қолдау мақсатында аналарға бала тууына байланысты бір реттік жәрдемақылар беріле бастады. Ал, 2006 жылы бала бір жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы тағайындалды.
2003 жылы берілген ойын-суық кешен-аквариум «Думан» дүниежүзілік мұхиттың ең шалғайдағы бөлшегі іспеттес Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.
2004 жыл
2004 жылы Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Музейі ашылды. Онда 100 мыңнан астам экспонат бар. Президент Н.Назарбаевтың жеке мұрағаты мен кітапханасы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшыларының тартулары, Елбасының бірегей марапаттар коллекциясы, жеке заттары, құжаттары көрермен назарына ұсынылып отыр.
2004 жылы 13 қаңтарда ҚР Президенті «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы Қаулыға қол қойды.
2004 жыл - Ресейдің Қазақстандағы жылы.
2004 жылы маусымда Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеттінде «Еуразиялық ықпалдастық: осы заманғы даму үрдістері және жаһандану сынақтары» деген тақырыпта халықаралық форум өтті.
2004 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Мәдени мұра» мемлекеттік Бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама бойынша Ақтөбе облысындағы Абат-Байтақ мавзолейі, киіз үй тәрізді Қарағұл тамы республикалық бюджет қаржысы есебінен қалпына келтірілуде.
Байғанин ауданында б.з.д. IV-V ғ.ғ. Сармат дәуірінен қалған ескерткіш биіктігі 12 метр, қабырғасының қалыңдығы 7 метр болатын Қызылүйік, Тасастау ғибадатханаларында қазба жұмыстары жүргізілді. Археолог Зейнолла Самашев аталмыш нысандарды 2004 жылдан бері зерттеп жүр.
2005 жыл
2005 жылы 9 мамырда II Дүниежүзілік соғыстың 60 жылдығына Н.Назарбаев , В.Путин, басқа да жаңа тәуелсіз мемлекет басшылары қазіргі демократиялық Германия көшбасшыларымен бірге фашизмді күйреткен Жеңіс Күнін Мәскеуде мерекеледі.
2005 жылдың 5 шілдесінде Астанада өткен Мемлекет басшыларының саммитінде Астана декларациясына қол қойылып, антитеррорлық сипаттағы негізгі құжаттар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің терроризмге, сепаратизм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық тұжырымдамасы, ережесі бекітілді.
2005 жылы 2 маусымда Байқоңырдың 50 жылдығы аталып өтті.
2005 жылы Ресейде «Абай жылы» аталып өтті.
2005 жылдың 4 желтоқсанындағы кезекті президент сайлауында сайлаушылардың 91,15 пайызы дауыстарын Мемлекет басшысына берді.
2005 жылы Кеңестер одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 80 жылдық мерейтойы аясында Ақтөбе қаласында ескерткіш бой көтерді. Авторлары – мүсіншілер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бақытжан Әбішев және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ескен Сергебаев.