Астанада Тәуелсіздік күніне орай, ауруханалар тұрғындар үшін Ашық есік күндерін өткізбек. 11-желтоқсанда №8 емханада сағат 9.00-12.00 аралығында глюкоза мен холестерин деңгейін анықтап, қан қысымдарын өлшетіп, электрокардиографиялық тексеруден өте алады. Барлық қызмет тегін көрсетіледі. Алдын ала жазылусыз мамандардың кеңесін алуға да болады.
Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 12-желтоқсанда №5 емханада және №1 қалалық балалар ауруханасында Ашық есік күні өтеді.
12-желтоқсанда ҚР Тәуелсіздік күнін мерекелеу қарсаңында №6 қалалық емханада мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналарына арналған «Ана жүрегі» акциясы өткізіледі.
Шараның мақсаты - осы санаттағы балалар мен олардың отбасы мүшелерінің психоэмоционалдық жағдайларының бұзылуының алдын алу, сонымен қатар, бала туатын жастағы әйелдерді тексеру.
Сонымен қатар, Тәуелсіздік күніне орай, барлық қалалық медициналық мекемеде салтанатты жиналыстар, мерекелік концерттер, сурет байқаулары өтеді. Ал 10-16 желтоқсан аралығында №5 емханада режиссер Рүстем Әбдірашевтің Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы туралы түсірілген «Балалық шағымның аспаны» атты фильм мен желтоқсан оқиғасы туралы бейнероликтер көрсетіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сурет: astanafm.kz