Алматыда «Қасиеттім - Желтоқсан!» атты концерт өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Қасиеттім - Желтоқсан!» атты концерт өтеді

08.12.2014
Алматыда «Қасиеттім - Желтоқсан!» атты концерт өтеді

9 желтоқсан күні Алматыдағы «Алатау» концерт залында «Қасиеттім - Желтоқсан!» атты концерт өтеді. Шараны Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Алматы қаласында үкіметтік емес ұйымдармен әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру бойынша тапсырысы аясындағы тікелей қолдауымен «Жерұйық» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр.

Аталған концертте 1986 жылғы желтоқсанда алаңда шырқалған әндермен қатар, Желтоқсанды жырлаған шығармалар сондай-ақ, ел Тәуелсіздігін толғайтын отаншылдық рухтағы әндер орындалады.

Шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тақырыбында жарық көрген музыкалық шығармалар мен әндерді насихаттау. Бұл - 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тақырыбындағы әндерге арналған концерт тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Концертте кезінде желтоқсан алаңында шырқалған «Атамекен» әнінен бастап, оқиғадан кейінгі уақытта шыққан «Желтоқсан  тағылымы», «Желтоқсан  желі», «Бостандықтың  бойтұмары – желтоқсан», «Қара  бауыр қасқалдақ», «Желтоқсан маршы», «Желтоқсан жастары маршы» және «Қайсар қазақ» сынды желтоқсан тақырыбына арналған әндер орындалады.

Концертке Нұрғали Нүсіпжанов, Бағдат Сәмединова, Мұратбек Сарбасов, Құдайберген Бекіш, Құрманбек пен Риза Әлімғазы, Әділ Сламхан мен Дана, Біржан Хасанғалиев, Әлия Әбілқайыр, Артұр Ізтілеуов және «Алашұлы», «Ағайындылар», «Сағым» мен «Дара» топтары т.б. өнер жұлдыздары қатысады.

Хабарламаларға жазылу