Депутаттар халықпен телефон арқылы тілдесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар халықпен телефон арқылы тілдесті

12.11.2014
Депутаттар халықпен телефон арқылы тілдесті

Депутат, әрі дәрігер Абай Қабатайұлы халықпен телефон арқылы тілдесті. Денсаулығына шағымы, ауруханаларға арызы бар азаматтар сұрақтар қойды.

Астаналықтар үшін квота алу – арман. Себебі жеңілдіктің басым бөлігі облыстарға беріледі. Ал, Астанадағы 740-қа жуық сал ауруына шалдыққан сәби үшін жылына небәрі 25 квота бөлінеді.

Сонымен қатар, астаналықтар мүгедектер мен зейнеткерлерге берілетін жеңілдік, тегін медициналық көмек туралы сұрады.

Ал, Шымкентте картина тіпті басқа. Оңтүстік тұрғындарын жүрек ауруларының жиілеп кетуі, оны емдеудегі озық технологиялар қызықтырды. Балаларда жиі кездесетін ауру түрлері мен оны емдеу жолдары да айтылды.

Спандияр Бекжігітов, Облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәргері, Облыстық мәслихаттың депутаты:

Біз жаңағыдай телефонмен жауап береміз. Содан кейін сол аудандық әкімшілікке жолдаймыз. Олардың қай салаға кім жауап беретінін анықтайтын арнайы бөлімдері бар. Олар тікелей сұрақ берушіге шығады. Кейін жауап берген соң бізге жауап қайтарады. Оның бәрі аяқсыз қалмайды.

Қостанайлықтар сауалдарын екі сағат бойы жолдады. Көбі ауруханадағы сапа, қызмет көрсету деңгейі мен емхана таңдау құқығы жөнінде арызын айтты. Ал, кейбірі жүзбе-жүз жағдайын айтып келді.   

Оразбай Нұрғалиев, І топтағы мүгедек:

32 мың теңге жәрдемақы аламын. Жетпейді. Дәрі-дәрмек және жолым бар. Соған байланысты көмек сұрап келіп тұрмын. «Көмегімізді береміз» - деп отыр. Сенеміз.

Шығыстағы жұрт шетелде ем алу жағын көп уайымдайды. Ағзаны трансплантациялау, медицина саласындағы маман тапшылығы да өзекті сұрақтардың бірі болды. 3 сағатта жиырмаға жуық тұрғын хабарласты, 50 шақты адам күні бұрын өтініштерін жіберген.

Сонымен, тікелей желі соңында депутаттар шағым айтқан азаматтардың мекен-жайын, телефон нөмірін, тіпті арызына дейін жазып алды. Құзырлы органдарға жеткізетінін айтты, «Нұр Отан» қол ұшын  беретініне сендірді.

Әлия ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу