Сарбаз тағдыры - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарбаз тағдыры

07.11.2014
Сарбаз тағдыры

Ол 23 жасында, яғни 1942 жылы әскер қатарына алынып, қанды майданға аттанған. Осы жылы Дон өзенінің бойында немістердің қолына түсіп, тек 1945 жылдың сәуірінде ғана тұтқындар лагерінен қашып шыққан. 

Алайда, сол кездегі қатаң заңға сай, ол Ресей Федерациясына Қарасты Коми Республикасының Ухта қаласына жер аударылған.

Ол сол жақта орыс қызымен танысып, отау құрады. Бір қызы дүниеге келеді. 1953 жылы қатаң заң күшін жойған соң, соғыс ардагері ойланбастан, жанұясымен бірге туған жеріне аттанады. Туған-туыстарымен қауышады. Алайда, Атырауға көшіп келуге рұқсат берілмейді. 

Тамара Хасанова, Кенжеғали Хасановтың қызы:

Әкем 1975 жылы кенеттен қайтыс болды. Содан оның Отанына көшіп келу арманы орындалмай қалды. «Ол, бұл дүниеден өткенде, туған жерімде жерленсем екен», деп айтатын. Ол ойы да жүзеге аспады. Ал, мен болсам, болашақта Қазақстанға көшіп келемін бе деген ойым бар. Себебі, менің бойымда Қазақтың қаны бар. Жүрегімнің бір бөлшегі Қазақ деп соғады.

Әке өсиетін қызы орынсыз қалдырмады. Бүгінде ол әкесінің тарихи отанына өзінің қызы мен немересін алғаш алып келді. Оларды Атырау қаласындағы Достық мәдениет үйінде Кенжеғали Хасановтың туған-туыстары, тарихшылар мен этномәдени бірлестіктің өкілдері қарсы алды.

Алена Королевская, Кенжағали Хасановтың немересі:

Атамды көзі тірісінде көрмесем де, анамнан ол туралы көп естідім. Қазақ халқының қонақжайлылығын, дархандығын да жиі айтады. Бүгін соның куәсі болдым. Атамның бала кезінде тұрған үйін көрдім. Ағайындарыммен таныстым. Енді,арамызда байланыс орнаған соң, оны тек нығайтуға тырысамын.

Кенжеғали Хасанов күні бүгінге дейін із-түзсіз жоғалған сарбаздардың қатарында болған. 

Вячеслав Афанасьев, тарихшы:

Құжаттарда Кенжеғали Хасанов із-түзсіз жоғалған деп көрсетілген. Ал, оның немістердің тұтқындарға арналған лагерінде болды деген ақпарат жазылмаған.  

Енді, Кенжеғали Хасановтың тағдыры белгілі болған соң, оған қатысты қажетті құжаттар жинақталады. Содан соғыс ардагері із-түзсіз жоғалған сарбаз емес, ерліктің үлгісін көрсеткен атыраулық майдангерлердің тізіміне енгізіледі.

 

Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу