Тәуелсіздік – бойтұмары Елімнің! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік – бойтұмары Елімнің!

20.10.2014
Тәуелсіздік – бойтұмары Елімнің!

Сыншы Әшірбек Сығай ақын Серік Сейітманның шығармашылығына былайша баға береді: «Серіктің жырларында табиғилық, ұлттық құндылық басым».

Ал, Көпен Әмірбек: «Серік Сейітман – жас ақын емес. Ол қазақ поэзиясының есігін еркін ашып келген, қазақ поэзиясына қалыптасып келген және қанаты қатайып, қабырғасы бекіп, буыны босамай келген мықты ақын»,-дейді.

Серік ақынның Тәуелсіздік тақырыбына арнаған жырларын ұсынамыз.

Біздің анықтама:

Серік Сейітман – 1982 жылы 6 қаңтарда дүниеге келген. Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің филология факультетін, сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистратурасын тәмамдаған.

2006 жылдың қаңтарынан Қазақ радиосында редактор-жүргізуші, «Руханият» редакциясы бас редакторының орынбасары, «Әдеби-саз» редакциясының шолушысы қызметтерін атқарып келді. 2014 жылдың ақпан айынан бастап, «Шалқар» радиосының бас редакторы қызметінде.

Халықаралық «Шабыт» фестивалінің І дәрежелі лауреаты; Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты; 2007 жылы Баянауылда өткен жас қаламгерлердің республикалық тұңғыш форумында Көтеш Райымбекұлы атындағы сыйлыққа ие болған. 2006 жылы «Қырсық қызға қолтаңба», 2010 жылы  «Қазақтың қаны», 2014 жылы «Қарашаңырақ» атты жыр жинақтары жарық көрген.

 

ТӘУЕЛСІЗДІК

Елдік үшін бәрін көрген азаптың

Бабалардың аңсары еді, Азат Күн.

Тәуелсіздік – бойтұмары Елімнің,

Одан асқан қастері жоқ қазақтың!

 

Тәуелсіздік – Алашымның арманы!

Тәуелсіздік – Алтын Күнім таңдағы!

Тәуелсіздік – бесік-жүрек халқымның

Жүрегінде тербетілген ардағы!

 

Тәуелсіздік  тәтті екен ғой шекерден,

Осы жолда талай борыш өтелген.

Ерлеріне қуат берсін Алаштың,

Көк байрақты көкке биік көтерген!

 

Тәуелсіздік, биігін-ай бағаңның!

Аманаттың ақ жолында  адалмын.

Бір сен үшін жасын сықты анам мың,

Бір сен үшін басын тікті бабам мың!

 

Бір сен үшін отқа түсіп жан шыбын,

Бақытынан безді бабам бал-шырын.

Ұйықтамады,

Көз шырымын алды олар

Маңдайына сабын тіреп қамшының.

 

Тәуелсіздік, не жетеді құныңа?!

Ғұмырымда айналайын құлыңа.

Парыз маған тізгініңді ұстату

Бесіктегі бақырауық ұлыма.

 

Азат елдің ауасымен дем алам,

Сонда-дағы болашаққа мен алаң.

Тәуелсіздік, сен аман бол, сен аман,

Сен аманда- Айбынды Алаш Елі аман!

 

 

АЛАШТЫҢ АҚ ТАҢЫ

Көк бөрі емізіп, бауырына бөлеген,

Көк Түрік ұрпағы Көк Тәңір жебеген

Көк байрақ көтеріп,

Көгершін самғатып,

Көк аспан астында Ел болды Егемен.

 

Сарыауыз балапан ән салып ұяда,

Сары ала қаз ұшып билейді қияда.

Сарыарқа төсінде сары қымыз сапырып,

Сұлу қыз ұсынды серіге пиала.

 

Қара шал дидарын Күн сүйіп қақтады,

Қарагер тұлпарын суытып, баптады.

Ақ гүлдер ашылып, қауызын жарды әсем

Ақ пейіл Алаштың атқанда ақ таңы.

 

Алқакөл-сұлама, шұбырынды-ақтабан...

Сан нәубет сары тісі қазаққа батпаған.

Қазақты қорғайды Құдайдың бір өзі,

Құдайдан оңбайды әдептен аттаған.

 

АЛАШ АРМАНЫ

Өр қазақтың азат болған санасы,

Оған куә мынау     байтақ даласы.

Азат жүрген арманының жемісі –

Атырау мен Алтайының арасы.

 

Өр қазақтың азат болған санасы

Оған куә ақиқаттың бабасы.

Мемлекеттік Азаттығы қазақтың –

санадағы азаттықтың баласы.

 

Арман құсы бұлтты жарып самғаған

Боздағының басы қайда қалмаған?

Қол-аяғын кісендеген саясат

Санасына құрық тастай алмаған.

 

Ұлы тарих беттерінен із көрдік,

Із астынан сан саяси сыз көрдік.

Ата-баба арманының жемісін

Азат елдің ұрпақтары – біз көрдік.

 

Қара бастың қамыменен күн үшін,

Атам қазақ жастанған жоқ қылышын.

Кешегінің арманынан пәс болса,

Арманыңның бар болғаны құрысын.

 

Аласару дегенді арман білмесін,

Сол арманмен қазақ жері гүлдесін.

Арманыңды биік ұста, бауырым,

Арттағы ұрпақ лағнет айтып жүрмесін.

Хабарламаларға жазылу