Тұрғын үй сатып алушылар пулдық жүйесіне енді Интернет арқылы да өтініш беруге болады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов мәлім етті.
Оның айтуынша, өтініштер лезде тіркеліп, оларға тиісті нөмір беріледі. «Пәтерлер онлайн режимінде бөлінеді және оған қатысты барлық мәліметтер банк сайтында жарияланып отырады.
Сондай-ақ, құжаттардың тізімі де қысқарды. Енді банкпен шарт жасау үшін жеке куәлік жеткілікті. «Жас отбасыға арналған тұрғын үй» бойынша тиісті бағдарламаға қатысушылар үшін жергілікті әкімдіктің жолдамасы, ал «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» жобасына қатысушылар жеке куәлікпен бірге жалақысы туралы анықтама тапсырады.
Айбатыр Жұмағұлов, «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы:
Елбасы Тұрғын үй жинақ жүйесіне азаматтардың белсенді қатысу үшін қаржылық талаптарды жеңілдетуді тапсырған болатын. Бұл бағытта қазір ішкі комиссиялық алымдарды қысқартып қана қоймай, сыртқыларын да азайтуға күш салудамыз. Процестерді оңтайландыру нәтижесінде клиенттерге түсетін жүктеме 30 пайызға қысқарды. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушылар үшін сақтандыру компаниялары көрсететін қызмет бағасын арзандатамыз.
Айгүл ЕРМАХАН