«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының игілігін мыңдаған адам көрді. Бір ғана Ақтөбе облысының өзінде жыл басынан бері 7 272 тұрғын жаңа жұмысқа орналасты. Бекітілген жоспар 103 пайызға орындалды. Алайда, көше бойында тұрып, жалданып еңбек ететіндер саны азаймай тұр. Оларды тұрақты қызметке орналастыруға не кедергі?
Жұмыс берушілер ұсынатын 40-50 мың теңге көлеміндегі жалақыға ай бойы еңбектенуді құп көрмейтіндердің бір тобы – жалдамалы жұмысшылар. Дені ауылдық жерден келген. Араларында қос дипломы бар мамандар да жүр. Көбінің жұмыспен қамту орталығы ұсынатын қызмет орындарына барғылары келмейді. Себебі...
Темірбек Құлмырзин, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
Қанша рет бардық, олардың ұсынатын жұмыстары 45-50 мың. Мына жерден айына 100 мыңдап, 200 мыңдап табасың. Пәтерақыға жетпейді, үш балам бар.
Қара жұмысқа жалданып нәпақа тауып жүргендерді тұрақты қызметке орналастыру мақсатында ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Бірақ нәтиже жоқ. Себебі, жұмыс берушілер еңбек өтілі жоқ жандарға жоғары еңбекақы төлеуге құлықсыз.
Гүлшат Қаңтарбаева, Ақтөбе қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры:
Ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Мамандарымыз айналма жолдарға шығады. Жәрмеңкелер өткізіп жатырмыз. Парақшалар таратамыз. Көбінесе ол адамдар бізге жолықпайды. Өйткені, күнделікті табыс тауып отыр олар.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша еңбекке араласқандардың көбі бірінші кезекте тәжірибе жинақтауды мақсат ететін Гүлнәр секілді жастар. Оның есепшінің көмекшісі болып, қызметке орналасқанына көп бола қойған жоқ. Бастамасы жаман емес. 44 мың теңге еңбекақы алады.
Гүлнәр Сейітова, Сервистік қызмет көрсету орталығының қызметкері:
Жұмыс көңілімнен шығады, ұнайды. Өзімнің мамандығым бойынша істеп жатырмын. Жақсы тәжірибе алып, жақсы маман иесі болғым келеді.
Жыл басынан бері Ақтөбе қаласы бойынша 1 600 адам «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша қызметке тұрған. Еңбек нарығында сауда-саттық және құрылыс салаларына сұраныс жоғары. Қазіргі таңда облыс орталығындағы 8 әлеуметтік нысанның жөндеу жұмыстарына 205 маман қажет.
Жақсыбек КЕМАЛ