Қызылордалық Орынбек Шаймағамбетов осыдан 12 жыл бұрын жол апатына ұшырап, қос аяғынан айрылды. Құрылыс саласында жемісті еңбек етіп жүрген жан тағдыр жазуына қасқая қарсы тұрып, «мүмкіндігім шектеулі», деп мойымады.
Ісмерлікті үйренді, жұбайымен бірге көрпе көктеп, құрақ құрады. Он саусағынан өнер тамған жан жуырда Жалағаш ауданы, Ақсу ауылында жеке тігін цехын ашты. Ауылдың екі тұрғынын жұмысқа алды. Қазір шебер бастаған шағын ұжым ұлттық ою-өрнекпен әспеттелген құрақ көрпе, қыз жасауын дайындайды.
Әкесінің ісмерлігіне қарап ұлы да қолөнерге құмартып өсіп келеді. Бос уақытында төсек-жабдық тігуді, әкесі секілді адал еңбекпен нан табуды үйреніп жүр. Орынбектің сапалы өніміне сұраныс жоғары. Тіпті ауылдың шалғайлығына қарамастан алыстан ат терлетіп іздеп келетіндер көп.
Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ