Мемлекеттік терможаңғырту бағдарламасының жүзеге асырыла бастағанына 3 жыл болды. Осы аралықта Ақтөбе қаласында 111 үй жөндеуден өтті. Төбесіне шатыр жабылып, жертөлесі тазартылды. Құбырлары ауыстырылып, қасбеті қапталды. Бірақ, кейбір тұрғын бағдарламаның шала-шарпы орындалуына өкпелі. Олар жұмыс сапасыз, ортақ мүлікке төлейтін қарыз көп, деп налып отыр.
Мына жатақхананың шатыры жөнделіп, инженерлік желілер ауыстырылуда. Талап бойынша үйге жұмсалған мемлекет қаржысын пәтер иелері 20 жылда қайтаруы қажет. Айына 1200-2000 мың теңге аралығында төлейді. Бірақ, атқарылатын жұмыс пен қарыз көлемі тең емес, дейді тұрғындар.
Ольга Шебалкова, қала тұрғыны:
Жертөледегі су құбырларының барлығы темір болады. Тек салқын суға ғана пластик құбыр салғалы жатыр. Темір тұрбалар 5 жылға ғана жарамды, дейді. Сонда біз 20 жыл ақша төлейміз, бес жылдан соң қайта жөндейміз бе?
30 жыл бұрын салынған үй мемлекеттік бағдарламаның арқасында жаңартылуда. Алғашында бұл бастаманы қостап қуанған тұрғындардың қазір көңілі су сепкендей.
Әлия Таласова, тілші:
120 пәтер иесі жылдап жүріп терможаңғырту бағдарламасына қол жеткізген болатын. Қазір жертөле мен шатыр жөнделіп жатыр, бірақ тұрғындардың көңілі толмайды. Себебі, ішкі жұмыстар мен үйдің қасбеті сол күйі қалмақшы. Ал, мына үй 3 жыл бұрын түгел жөндеуден өтті. Сырты бүтін. Бірақ, төбеден әлі су тамшылап, жертөле сылағы түсіп жатыр. Мемлекеттік бағдарламаға сенім артқан тұрғындар қазір жергілікті билікпен соттасып әлек.
Әу баста, жұмсалған қаражаттың 40 пайызын 10 жыл бөліп төлеу жүктелген еді. 2 жылдан соң әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тұрғындарды сотқа берді. Қарызды ішінара төлемегендер үшін. Қарсы тарап та сотқа жүгінді. Жөндеу талапқа сай емес. Жертөлеге су кетіп, кәріз құбыры тесік күйінде. Шатырдың да кінәраты көп. Ал, атқарылған жұмыс қорытындысы, жобалау-сметалық құжаты жоқ. Тіпті, келісімшарт та жасалмапты.
Надежда Лещенко, қала тұрғыны:
Кімге керек мұндай көзбояушылық? Ешқандай құжаттары жоқ. Ақша талап етеді. Сотқа беріп, мүлкімізді тәркілейді. Ал, атқарылған жұмыс қаржыға сай келмейді. Бұл бюджеттің ақшасын желге ұшыру емес пе?
10 жыл төлейтін қаржыны тұрғындар жыл аяқталғанша қайтаруы қажет. Әр пәтер 700 мың теңгеден 1миллион 500 мыңға дейін қарыз. Қуантып келген терможаңғырту ақтөбелік тұрғындар мен атқарушы билікті дауға қалдырды. Кінә халықтан да бар, дейді билік өкілдері. Сондықтан жатақханалардың дәліздері енді жөнделмейтін болды.
Жұлдызбек Бисенбин, Ақтөбе қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
Істеген үйлерді, әп-әдемі, тым жақсы қылып, бір-екі жеті ішінде сызып тастаған. Жарға сурет салып тастайды. Сондықтан біз 2012-2013 жылдарынан бастап сондай үйлердің дәліздеріне жөндеу жұмысын жүргізбеуге шешім қабылдадық.
Терможаңғырту бағдарламасы үшін биыл Ақтөбе қаласына Республика бюджетінен 469 миллион теңге бөлінген. Оған 3 жыл бұрын жөнделген үйлердің қайтарымынан 130 миллион теңге қосылды. Келер жылға 40 үйді жөндеу жоспарлануда. Алайда, атқарушы билік өкілдері тұрғындармен мәмілеге келіп, ортақ тіл табыса алар емес.
Әлия ТАЛАСОВА