Шымкентте көпқабатты үйлерге жылуды бақылайтын құрылғы орнатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте көпқабатты үйлерге жылуды бақылайтын құрылғы орнатылады

31.07.2014
Шымкентте көпқабатты үйлерге жылуды бақылайтын құрылғы орнатылады

Бұдан былай еліміздегі алып шаһарлар мен шағын қалалардағы көпқабатты үйлерде жылу жүйесін бақылайтын арнайы құрылғылар орнатылатын болады.

Мемлекеттік тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жобаның таныстырылымы бүгін Шымкентте өтті.

Өңірлік даму министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің өкілдері Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындарымен кездесіп, атқарылатын жұмыстың барысын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінде тұратын Роза Байымбетова сала мамандарының алдында жылуды бақылайтын құрылғы туралы өз пікірін білдірді.

Оның айтуынша, он екі қабатты үйге бұл құрылғы екі жыл бұрын орнатылған. Пилоттық жоба негізінде жүзеге асырылған бұл бастаманың тиімді тұстары көп.

Роза Байымбетова, Шымкент қаласының тұрғыны:

Өзім 8 мыңнан төлегенмін. Енді 4300 төледім. Әрине, қазір бағасы екі есеге дейін төмендеді. Барлық адамға ұнап жатыр.

Қазір Шымкенттегі көпқабатты 7 үйде осындай құрылғы бар. Енді оны шаһардағы барлық 1700 үйге орнату көзделуде. Еліміздің Өңірлік даму министрлігі осылайша барлық қалада ортақ жылу бақылау құрылғысын енгізбекші. Бұл мақсатқа қазір қазынадан 8 миллиард теңге бөлінген.                                                                                                

Бегман Көлбаев, ҚР Өңірлік даму министрлігі департамент директорының орынбасары:

Бізге берілген өтінімдерде орташа бағалар 500 мыңнан 600 мың теңгеге дейін. Құралды орнату, тексеру мәселесі сол бағаның ішіне кіріп отыр.

Жиында көпқабатты үйлерге ортақ жылу есептегіш құралдарын орнатудың бағасы мен келісімшарт жасаудың жолдары да сөз болды. Есептегіш құрал орнататындар  алдымен жылу жүйесін ретке келтіруді талап етті. 

Ол үшін бірінші кезекте пәтер, жертөледегі тозығы жеткен құбырлар, бұрамалар толығымен жаңартылуы тиіс. Шымкенттік шенеуніктер бұған осы айдан бастап кірісетіндіктерін айтты.

Бейсенбек Жанбосынов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Жасалған есептерге және мүмкіндіктерімізге байланысты 250 үйге 300-ден артық есептегіш құралын қоюды жоспарлап отырмыз.

Сала мамандарының айтуынша, жоба төрт жылда  жүзеге асырылады. Оған дейін тұрғындардан бір тиын да алынбайды. Құрылғылар толық орнатылып болған соң, оған кеткен шығын пәтер иелерінен өтеледі.

Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу