Майдангер ұрпақтары Бельгияға бара алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Майдангер ұрпақтары Бельгияға бара алмай отыр

31.07.2014
Майдангер ұрпақтары Бельгияға бара алмай отыр

Естеріңізде болса, біз жаңалықтарымыздың бірінде Бельгияда II Дүниежүзілік соғыс кезінде шейіт болған қазақ сарбаздарының бейіті табылғанын хабарлаған едік. Жат жерде жерленгендер қатарында қызылордалық Нұраддин Бисеновтің де зираты бар екендігі айтылды.

Осы оқиғадан соң Сыр өңіріндегі тілшіміз Арал ауданына барып, Нұраддин  атаның ұрпақтарымен жүздескен еді. Олар бабаларының бейітіне туған жердің топырағын салуды көздейтінін айтқан. Бірақ, қаражат тапшылығына байланысты марқұмның немере-шөберелері Бельгияға бара алмай отыр.

Сұрапыл соғыста хабар-ошарсыз кеткен аталарының Бельгияда жерленгенін білген Нұраддиновтер әулеті алыс сапарға дайындалды. Жат жерде қаза тапқан бабасының бейітіне туған жердің топырағын салып, құран бағыштау үшін барып қайтпақшы болды.

Алайда, отбасындағы қаржылық жағдай перзенттік парызды орындауға тұсау болып отыр. Оған қоса, шаңырақтың шырағы Сарыалтын әжейдің қатерлі дертке шалдығуы  жығылғанға жұдырық болып тиді.

Сарыалтын Нұраддинова, келіні:

Туған жердің топырағын апарып салғымыз келеді. Ол жақтан топырақ әкеліп мына Қазалыдағы әйелі мен баласының қасына қойғымыз келеді. Соған бізге көмек керек. Өзіміздің қолымыз қысқа. Көмектессе, біз де қосымша қыламыз, қарап қалмаспыз әйтеуір.

Отан қорғау жолында шейіт болған қазақ сарбазының зиратына барып-келу үшін Арал ауданының әкімдігі қол ұшын созатын болды. 

Абзал Мұхимов, Арал ауданының әкімі:

Неміс басқыншыларының жолына түсіп,  тұтқында қайтыс болған Нұраддин ағамыздың сүйегінің шет жерде, шетелде, сонау Бельгияның төрінде жатқаны, әрине, бәріміздің де жанымызға батады. Бірақ, десе де, соңында қалған ұрпағы бар. Енді қазір немересі бар екен. Сол Ұлттық арна көтеріп отырған бастаманы қолдау мақсатында аудан әкімдігі тарапынан демеушілерді ұйымдастыру арқылы осы күзге салым барып-қайту жолын біз түгел көтеріп береміз.

Нұраддиновтер әулеті ақжолтай жаңалықты үлкен қуанышпен қабылдады. Сәтін салса, олар күзде Бельгияға барып, баба рухына тағзым етпек.

Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ

 

 

Хабарламаларға жазылу