Қар барысы санаққа алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қар барысы санаққа алынды

31.07.2014
Қар барысы санаққа алынды

Алматы облысында орналасқан «Көлсай көлдері» Ұлттық табиғи паркі аумағында аңдар саны көбейді. 2007 жылдан бері мемлекет қорғауындағы Ұлттық паркте аң санағы жылына екі рет өткізіледі.

Саябақтағы жан-жануарлардың санын анықтау үшін орнатылған автоматты түрде түсіретін камера объективіне тұңғыш рет екі шөнжігі бар аналық қар барысы түскен.

Бұдан бөлек, фотоқақпанға Тянь-Шаньның қоңыр аюы, Түркістан сілеусіні, тауешкі, марал, елік, қабан сынды «Қызы кітапқа» енген сан алуан жан-жануар іліккен.

Мына екі шөнжігі, яғни қос баласы бар аналық қар барысы фотоқақпанға анық  түскен.  Жүгірген аң мен ұшқан құсты, кез келген қозғалысты өздігінен түсіретін бұл камера теңіз деңгейінен 2600 метр биіктіктегі Сәлімбай сайына орнатылған. Қорықты айдан аса бақылаған камераның объективіне өте сақ, секемшіл барыстар 3-шілде күні іліккен.

Әміржан Малыбеков, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі РММ директоры:

Жылда аң санағында 6-7 қар барысы бар деп есеп беріп жүргенбіз. Нақты бүгін санына көзіміз жетті. Ал, енді қоңыр аю да солай бізде. 20-35. Ол жерде қар барысы мен балалары ғана араласқан жоқ. Енесі түскеннен кейін ол жерде еркегі де болады.    

Барыстан бөлек, Ұлттық парк аумағын мекендейтін Тянь-Шань қоңыр аюының бейнесі  - 12-ші маусымда қараңғы түнде жазылған. Адам көзіне шалына бермейтін Түркістан сілеусіні де түнде фотоқақпанның жарығын қызықтап, бірнеше рет түсіп қалған. Зоология институты мен саябақ бірігіп жүргізген санақ нәтижесінде жан-жануарлардың саны едәуір артқан.             

Юрий Грачов, ҚР БҒМ ҒК зоология институтының жетекші ғылыми қызметкері:

Таулы аймақтарымызды мекендейтін қар барысы өте сирек кездесетін жыртқыш. Ілгеріде шатқалдардағы, қарға түскен іздерден барын білетінбіз. Біздің мақсатымыз орындалды. Өйткені,  қорық аумағында қар барысының бар екенін дәлелдейтін бейнеге қол жеткіздік.

Олардың саны 6-7 болуы ықтимал деген қорытындыға келдік. Мүмкін, одан да көп шығар. Оны анықтау үшін зерттеу жұмыстарын жалғастырамыз. Ол үшін фотоқақпандарды орнату кеңістігін кеңейтетін боламыз.

Жерұйық сынды жұмақ мекенде жайылып жүрген Сібір тауешкілердің санында қисап жоқ. Жол бойына бекітілген фотоқақпандарға елік, марал, қабандар да анық түскен.

Хамит Ахметов, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі РММ директорының орынбасары: 

Ең бірінші нәрсе, тұяқты жануарларды қорғау, санын асыру, көбейту. Сонда ғана қар барысының саны артады. Себебі, барыс – республикамыздың бренді. Біз өзімізді «барыс» деп атаймыз. Біз үшін, Қазақстан халқы үшін әсем аң болатын болса, екінші жағынан символымыз. Сондықтан, мұны қорғау әрбір табиғатты жақсы көретін азаматтың борышы.

Көлсай көлі – қазақ жеріндегі жеті кереметтің біріне баланады. Ұлттық саябақ - өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне бай. Аршасы мен шыршасы жымдасып жарасым тапқан тұнық Көлсайдағы шебер табиғатты ашкөзденген екі аяқты жыртқыштан қорғап қалу маңызды, дейді мамандар.

Дәурен ДАРИЯБЕК

Хабарламаларға жазылу