Қарабұтақта наубайхана ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарабұтақта наубайхана ашылды

31.07.2014
Қарабұтақта наубайхана ашылды

Ақтөбе облысының аумағындағы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізі Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылының үстімен өтеді. Халықаралық маңыздағы жол ауылдағы кәсіпкерлікті жандандыруға септігін тигізуде. Жұмыссыз тұрғындар еңбекке тартылып, жаңа әлеуметтік нысандар салынып жатыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Қарабұтақта көлік жөндеу орталығы мен наубайхана ашылды.

Ақгүл наубайханаға жұмыспен қамту бөлімі арқылы келген. Нан пісіріп, ауылдастарының алғысын алып жүргеніне 6 ай болды. Күніне арнайы құрылғымен үш қапшық ұн илеп, 350 көмеш нан пісіреді. Бар ынтамен істелген өнім де өтімді болады.

Ақгүл Құсенова, жұмысшы: 

Арасында бөлке, батон да бар. Күнделікті нанымыз күнде өтіп кетеді. Қарабұтақтағы бүкіл дүкенге, құрылыста жүрген қызметкерлерге, газ құбырлары орнатып жатқан жұмысшылардың бәрін нанмен қамтамасыз етіп отырмыз.

Ауылдың 4 тұрғыны еңбек ететін шағын наубайхана «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында іске қосылған. Кәсіпкер ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы 6 пайыздық несиемен 3 миллион теңге алған. Қаржы құрылыс пен құрылғыға жұмсалып, инженерлік желі мемлекет есебінен тегін жүргізіліп берген.

Айнадин Молдабеков, кәсіпкер: 

Мемлекеттік бағдарламаның тағы бір тиімді жері біз секілді жас кәсіпкерлерді қолдағаны. Істі қалай бастау керек, қалай жұмыс істеу керек, құжат жағын реттестіруді өздері үйретеді. Соның арқасында кәсібіміз ақырындап көтеріліп келе жатыр.

Ісін енді бастаған кәсіпкерге ұн тұрақтандыру қоры арқылы жеткізіледі. Сондықтан, ауылда нан бағасы да арзан. Наубайхана жанынан макарон цехын салу жоспарда бар. Жаңа нысандардың тұрғындарды еңбекпен қамтуға көмегі көп. Қазір Қарабұтақта 20 адам жұмыссыз.

Сәлім Уайсбаев, Қарабұтақ селолық округі әкімнің міндетін атқарушы:

Мүмкіндігі шектеулі 3 адамды тұрақты жұмысқа орналастырдық. Ауылымызда селолық амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр және «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» күре жолының бойында үш кемпинг салынып жатыр. Сол орындарға жұмыссыз адамдарды толықтай жұмысқа орналастырамыз деп жоспарлап отырмыз.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» тас жолы салынғалы Қарабұтақ ауылының тұрғындары кәсіпке бет бұра бастаған. Мұнда қызмет көрсету орындары мен жаңа нысандар салынбақ. Жоба мен жоспар көп. Мемлекеттен де қолдау бар. Жүзеге асса, алысқа бармай ауылда да кәсіпкерлік жандана түспек.

Әлия ТАЛАСОВА

Хабарламаларға жазылу