Көпбалалы ананың әлеуметтік жағдайы – арна назарында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көпбалалы ананың әлеуметтік жағдайы – арна назарында

29.07.2014
Көпбалалы ананың әлеуметтік  жағдайы – арна назарында

Көпбалалы ана Гүлнұр Нұрсадықова ұлтарақтай жерге қол жеткізе алмай жүр. Алматы облысы Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында тұратын бұл азаматшаны тұрақты көрермен жақсы біледі.

10 жылдан астам өзгенің босағасын сағалалап, шиеттей 8 балаға ішер ас, киер киім таппаған отбасы былтыр мамыр айында  арнамыздан шығатын «Айтуға оңай» бағдарламасына қатысып, көптен көмек сұраған.

Қалталы азаматтар үн қатып, жергілікті әкімдік 8 сотық жер берген. Алайда, биыл үй тұрғызу керек болған отбасы қағазбастылықтан бас қатты, мәселені шешуге көмектесіңіздер, деп арнамызға хабарласты. 

Енді ғана жұмысқа орналасқан отанасының жалақысы - 15 мың теңге. Қосымша ауыр жұмысқа жарамайтын отағасы аз-маз табыс табады.

Бұдан бөлек, ай сайын 8 балаға мемлекеттен берілетін 13800 жәрдемақы мен «Алтын алқа» үшін 11000 теңгесі тағы бар. Азын аулақ кіріс көңілді көншітпесе де пәтер жалдап, жан сақтауға жетеді. Тек Нұрада тұрақ табуға отбасына тегін берілген  жер телімі тұйыққа тіреп тұр.

Гүлнұр Нұрсадықова, көпбалалы анна:

Нұрада Топай көшесінен маған 8 сотық жер берілгеніне 2 жыл болды. Оған үй саламын ба деп қуандым. Маған берілген жерге көрші кіріп кеткен. 3 сотық қана жеріңіз қалды деді.

Мәселенің анық-қанығын білмекке алдымен Нұра ауылының жаңа құрылысына бардық. Жергілікті әкім шешімімен Топай көшесінен бөлінген жер де, төрт бұрышына қағылған қазық та тұр. Қос қапталындағы көрші телімдер де бас жоспарға сай.

Көрер көзге анық, бірақ құжаттағы өзгенің теліміне кіріп кетті деген сызба қайдан шыққан? Бұл - бір. Екіншіден, 4 жылға жалға берілген ұлтарақтай жердің мерзімі өтіп барады. Енді 2 жылда үй салмаса одан да айырылады. Мән-жайды анықтау үшін аудан әкіміне бардық. Райхан Нұрмырзақызы жауапты азаматтарды жиып, істің тез шешілуін талап етті. 

Дәлібай Әбдіқұлов, Нұра ауылдық округінің әкімі:

МПТЗМ-ге барамыз, архитектураға барамыз. Не үшін, қалай болғанын білеміз. Бас жоспар  бойынша біз береміз ғой.  Бірінші себебін білейік, мүмкін өздерінде қателік бар болар. Осы аптаның аяғына дейін бұл мәселені шешіп береміз.

Бұдан бөлек, аудан әкімі көпбалалы отбасы тағдырын басты назарда ұстайтынын жеткізді. Жер, баспана мәселесі біржақты шешілген соң, Гүлнұрдың биыл 9 сынып бітірген ұлын да оқуға орналастырамыз, дейді. 

Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу