Алаяқтардың жалған құжатпен несие алуы көбеюде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алаяқтардың жалған құжатпен несие алуы көбеюде

29.07.2014
Алаяқтардың жалған құжатпен несие алуы көбеюде

Астанада жалған құжат арқылы 20-ға жуық азаматтың атына несие рәсімделген. Жапа шеккен Елорда тұрғындарының атынан құзырлы органдарға осындай шағымдар көбейді. Ішкі істер қызметкерлері банктер төңірегінде алаяқтардың көбейгенін растап отыр.

Ақдана Қоңырова таяуда банкке несие рәсімдеуге барған. Ал, ондағы қызметкерлер оның атында басқа несиенің бар екенін және төленбей жүргенін айтады.

Тосын жаңалыққа таңырқаған ол несиенің кім және қашан алғанын анықтамақ болады. Белгілі болғандай, несие былтыр алынған, кезекті төлеу мерзімінің өткеніне де бір жылдан асқан екен.

Ақдана Қоңырова, зардап шегуші:

«Банк Хоум Кредиттен» 2013 жылдан менің атымда несие бар екенін білдім. Банктің қызметкерлері 2013 жылы «Азбука связи» ұйымының қызметкері менің атыма несие алғанын айтты. Мен жалғыз емеспін. 34-ке жуық адам алаяқтардың құрығына түскен.

Ішкі істер органының қызметкерлерлі мұндай жағдайлардың көптеп кездесетінін айтады. Көбіне несие рәсімдеу, пәтер, көлік секілді мүліктерге байланысты зардап шегушілерден өтініш келіп түседі екен. Келтірілген шығын мөлшері де аз емес.

София Қылышбекова, Астана қалалық ІІД баспасөз хатшысы:

Қазір тергеу жүріп жатыр. Кінәлі адамдар іздестірілуде. Ішкі істер қызметкерлері азаматтарды өз құжаттарына барынша сақ болуға шақырады және ескертеді.

Руслан Жылқыбай, тілші:

«Банк Хоум Кредиттің» қызметкерлері сұхбат беруден бас тартты. Қазір кінәлі адамдарды өзіміз іздестіріп жатырмыз дейді.

Банкте несиесі бар азаматтарға сіздің атыңызға тағы несие рәсімделді деген хабарлама келсе, бірден тиісті орындарға хабар беруді ұмытпаңыздар.

Руслан ЖЫЛҚЫБАЙ

Хабарламаларға жазылу